Испанияда судың қоры азайды

Испанияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі қапырық ыстық пен құрғақшылық су қоймаларының деңгейін күрт түсіріп жіберді деп дабыл қақты.

Әсіресе Испанияның оңтүстік шығысындағы төрт бірдей автономиялық қауымдастықты қамтып отырған “Сегура” су бассейнінің резервтік қоры жиырма процентке дейін төмендеген. Салдарынан зәйтүн ағаштарының өнімділі он пайызға қысқарып, майдың бағасы екі есеге артты.

Испанияда өткен жылмен салыстырғанда биыл жауын шашын көлемі 13 пайызға көп түскен. Мамандар биыл наурызда ел тарихындағы ең ылғалды әрі жаңбыр қалыпты мөлшерден 2,5 есеге болды деп айтқан еді. Алайда мемлекеттің ең қуаң аймағы - оңтүстік-шығыс өңірінде су тапшы. Аптап пен ылғалдың аз болуынан екі миллион тұрғыны бар 4 автономиялық қауымдастықты сумен қамтып отырған “Сегура” қоймасының суы күрт азайып кеткен. Тіршілік нәрі тапшылығынан аймақтың ауыл шаруашылығы да қатты зардап шегіп отыр.

Антонио Аречсабала Диес, геология ғылымдарының докторы:

- Құрғақшылықтан зәйтүн майы екі есе көтерілді. өйткені ағаштардың өнімділігі он процентке азайған. Тек зәйтүн емес, жүзім өсіретін алқаптар да қурап оның аумағы барған сайын азайып жатыр. судың тапшылығына байланысты 2050 жылға қарай Испанияның оңтүстігінде зәйтүн өндірісі 30 процентке қысқарады деген болжам бар. 

Су қоймасындағы жағдайға байланысты жергілікті билік су тұшыту зауыттарының техникалық мүмкіндіктерін ұлғайтуға күш салып жатыр. Қалдық суларды қайта өңдеу үшін зауыттың қуаттылығын арттыру көзделіп отыр. Су қорын үнемдеу үшін автоматтандыратын технологияларды қолданылмақ. Сарапшылар тіршілік нәрін ысырап етпес үшін қатаң шаралар енгізу керек дейді. 

Давид Маскорт, экономист:

- Жергілікті билік қана емес орталық үкімет те суды оңды-солды пайдаланған бизнесті жазалау шарасын қарастырған жөн. Әсіресе бассейн құрылысы мен қонақ үйлерде суды сарқыратып ағызып қоятындарға айыппұл төлету қажет. 

Қазір жергілікті үкімет ғылыми және инновациялық жобалардың көмегімен су тұтынуды бір тұрғын үшін 25 литрге дейін түсіруді  көздеп отыр. Бірақ қоғамдық ұйымдар бұған халықта су үнемдеу мәдениеті қалыптасқанда ғана қол жеткізуге болады дейді. Ал кейінгі зерттеулер Испанияда ескіріп тозған құбырлардан жыл сайын 695 млдр литр су далаға ағып кететінін көрсетті. Бұл бір тұрғынның күніне орташа есеппен 128 литр су тұтынуымен тең.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач