АҚШ 1 тамыздан мыс импортына 50% салық салады

АҚШ мыс импортына 1 тамыздан бастап салықты 50%-ке дейін ұлғайтады. Бұл туралы Ақ үй басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, шектеу шаралары Құрама Штаттардың ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Мамандар мысты стратегиялық металл деп атайды. Ол қару-жарақ, ұшақ өндірісінде, зымыран шабуылынан қорғану жүйесі мен мәліметтерді өңдеу орталықтарында кеңінен қолданылады. АҚШ-та өңделетін мыстың жартысы сырттан әкелінеді. Негізгі жеткізуші Чили. Трамптың мәлімдемесінен кейін аталған металдың тоннасы 12 мың долларға көтерілді.