Еуроға көшу Болгарияға жыл сайын €100 млн үнемдеуге мүмкіндік береді

Болгария халқының 50%-і еуроаймаққа қосылуға қарсы шықты. Тек 43%-і қолдау білдірді. «Еуробарометр» платформасы жүргізген сауалнаманың нәтижесі осындай, деп хабарлайды 24kz.

София еуроаймаққа келер жылдың 1 қаңтарынан бастап кіреді. Мұны кеше Еуропарламент депутаттары мақұлдады. Болгариялықтардың жартысы қарт құрлықтың ең беделді экономикалық одағына неліктен қосылғысы келмейді?

Болгария билігі: «Еуроаймаққа қосылу елдің экономикалық ахуалын жақсартады», - - дейді. Сондағысы Одақпен мүше мемлекеттермен сауда-саттық нығайып, бәсекелестік артып, ел ықпалының күшейе түсетінін алға тартады. Атқамінерлердің кейбірі бұл шешімді ел егемендігін нығайту жолындағы қадамға балады. Болгарияда қаржылық операцияларды жүзеге асыруда ұлттық валютамен бірге еуроны қолданатын жарты миллион шағын және орта кәсіпкер бар. Софияның еуроаймаққа қосылуы компанияларға жылына 100 млн еуро үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл ел 2007 жылы Еуроодаққа кіре сала ұлттық валютадан еуроға көшуге бірден кірісті. Бірақ жоғары инфляцияның салдарынан тек биыл ғана дегеніне жетті. Былтыр елдегі орташа жылдық инфляция 2,7% құрады. Бұл Еуропа орталық банк белгілеген межеден 0,1% төмен.

Еуроға көшкен соң Болгарияда инфляция өсуі мүмкін

Дегенмен, бастапқы кезеңнің бірқатар тәуекелдері бар. Осыған дейін еуро енгізген Словакия мен Эстония және Литва секілді Болгарияда да инфляция өсуі мүмкін. «Әсіресе, азық-түлік, қызмет көрсету және күнделікті тауарлар қымбаттайды», - дейді қаржыгерлер. Белгілі сарапшы Петар Ганевтің пікірінше, еуроаймаққа кіргеннен кейін бағаның тұрақтылығы тек Болгария экономикасына ғана емес, бүкіл одақтағы ахуалға тәуелді болады. «Тұрмыс сапасы да бірден жақсара қоюы екіталай», - дейді ол.

Болгария халқының 50% еуроға көшуге қарсы

Сауалнамаларға қарағанда, болгарлардың жартысы ұлттық валютасы, яғни, левті елдің егемендігінің нышаны ретінде қабылдайды. Олар еуроға көшкеннен кейін еркіндіктен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Сондықтан көшеге шығып, бірнеше рет наразылық танытты.

Айта кетейік, қазір еуроаймаққа Еуропалық Одаққа мүше 20 ел кіреді. Күніне 340 млн адам еуромен төлем жасайды. Ол доллардан кейінгі құнды валюта саналады. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт