Газада балық аулауға тыйым салынды

Израиль Газа секторында балық аулауға тыйым салып, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнді.

Жергілікті балықшылар шешім өңірдегі гуманитарлық ахуалды одан бетер нашарлатып, халық аштыққа ұшырайды деп жатыр. 

Израиль Газа секторындағы теңіз аймағына кіруге толық тыйым салынатыны туралы ресми түрде жариялады. Шектеу балық шаруашылығымен айналысатын барлық тұлғаларға қатысты екені ескертілді. Алайда балықшылар мен халықаралық ұйым өкілдері шара еврей елі күштері қоршауға алып, гуманитарлық көмекті шектеп отырған өңірдегі ахуалды одан бетер ушықтырады деп отыр.

Юсеф Абул Хир, балықшы:

- Балық аулауға тыйым салынғанына қатты алаңдаулымыз. Өйткені қазір қақтығыстан өңірдегі халықтың жартысынан көбі теңіз өнімдерінің арқасында күн көріп отыр. Тіпті жараланғандар мен науқастар үшін де жалғыз қорек осы. Басқа тамақ жоқ. Егер бұлай  жалғаса берсе, елді ашаршылық жайлайды.

Global Goal Monitor ұйымының мәліметінше, Газа секторында шамамен 500 мың адамға аштық қаупі төніп тұр. Бұл аймақтағы гуманитарлық жағдай өте ауыр екенін көрсетеді. Қыркүйектің соңына қарай Газа аумағында азық-түлік тапшылығы күшейіп, адамдар аштықтан қырыла бастауы мүмкін деген болжам бар.  

Хасан Әль-Гого, балық сатушы:

- Қазір азық-түлік жоқ. Халықтың ас-ауқаты балықпен ғана шектеліп отыр.  Жақында маған бір кісі: «Ұлым жаралы, оған күш жинау үшін балық керек» деп өтінді. Өңірде адамдардың көбі өмірін осылай балықпен сақтап қалуға тырысып жүр.

Наурыз-мамыр айларында Израиль шекарадағы өткізу бекеттерін жауып, Газаға беттеген барлық жүктерді шектеді. Гуманитарлық ұйымдар аймаққа аз ғана көмек жіберіліп жатқанын айтады.

Рами Әль-Курди, Газа тұрғыны:

- Біз БҰҰ-ны балықшыларға қолдау көрсетуге шақырамыз. Олар күн сайын өз өмірін қауіпке тігіп, отбасын ғана емес, бүкіл халықты азықпен қамтамасыз етуге тырысып жүр. Егер теңізге шығуға тыйым алынбаса жағдай тіпті ушығуы мүмкін.

Израиль болса өңірге жеткілікті көлемде көмек жіберіліп жатқанын айтып, аймаққа жаппай ашаршылық қаупі төніп тұрмағанын алға тартады. Ал халықаралық ұйымдар еврей елі билігінің теңізде балық аулауға тыйым салуы тұрғындарды басты азық көзінен қасақана айыру деп қатты сынға алып жатыр.

Динара Орынтай, 24kz