Трамп салығы грек шаруаларын тығырыққа тіреді
АҚШ Президенті Дональд Трамптың еуропалық өнімдерге 30% баж салығын енгізуі грек шаруаларын тығырыққа тіреді.
Бұл бастама әсіресе, Грекиядағы шабдалы, зәйтүн майы өндірісіне кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені консервіленген шабдалының ең ірі экспорттаушысы саналатын грек елі тауардың шамамен 20%-ін АҚШ-қа жөнелтеді. Одан түсетін жылдық табыс 600 млн еуродан асады. Оның 120 млн еуросы АҚШ нарығынан келеді. Енді грек шаруалары жаңа баж салығы экспорт көлемін азайтып, табысты төмендетуі мүмкін деп алаңдайды.
Лазарос Иоаннидис, шабдалы өндіретін зауыт иесі:
- Өндіріс қызған шақта алым енгізу шаруалардың қалтасына үлкен салмақ салады. Шығын көбейіп, кіріс азаяды. Сол себепті тараптар 1 тамызға дейін ортақ келісімге келеді деп үміттенеміз. Шаруалар сонда ғана жұмыстарын алаңдамай жалғастыра алады.