Испания биометан индустриясын дамытып жатыр

Испанияда биометан өндірісі қарқынды дамып келеді.

Бильбао қаласының Артигаз полигонында биогаз зауыты жаңартылып жатыр. Жоба жылына 50 мың тонна биоматериалды өңдеп, 6 мың отбасын энергиямен қамтамасыз етуді көздейді. Жаңартылған зауыт көміртегі шығарындыларын азайтуға да септігін тигізеді.

Artigas полигонында жаңғырту кезеңінен өтіп жатқан биогаз зауыты  қаланың органикалық қалдықтарын газға айналдырады. Қалдықтар арнайы жабық камераларда, яғни оттексіз ортада ашытылады да одан  биогаз түзіледі. Сосын ол  биометан  жүйесіне қосылады. Қалған сұйық және қатты қалдықтар да далада қалмайды, оларды  бау- бақшаға пайдалануға болады. Мұндай жобаға шамамен жиырма миллион еуро жұмсалған.  Бір жылдан кейін толық іске қосылады.

Иниго Ансола Кареага, Энергетика агенттігінің бас директоры:

- Жоба мемлекет пен  жеке компаниялардың серіктестігі арқасында жүзеге асып отыр. Бильбао Атлант мұхиты маңындағы ірі қала, климаты салқындау. Сондықтан бұл зауыттың ең алдымен қалаға пайдасы зор, онда өңделген газ желіге қосылады да үйлерді жылытады. Осылайша өндірілген газ алты мың отбасыны жыл бойы  газбен  қамтамасыз ете алады. Әрі энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткіземіз.

Зауыт толық қуатына көшкенде жылына 50 000 тонна биоматериал өңделмек. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бес есеге көп. Биометан жылумен қатар электр және транспорт отыны үшін де тапсырмас қуат көзі. Алайда зауыттың жаңаруына қарсы тарап та жоқ емес, Artigas маңындағы қолқаны қабатын иіс жергілікті тұрғындардың жүйкесін тоздырған.

Амая Анчус Зиарда, Бискайя провинциясы қоршаған орта комитетінің депутаты:

- Бұл жобаны «қалдықсыз экономиканың үлгісі» деп бағалауға болады. Көміртегі шығындыларын азайтуға да септігі мол. Алайда тазалық жұмыстарына өте мұқият болған жөн. Мәселен желдету, ауа сапасы және жергілікті тұрғындардың денсаулығы жөнінде толық зерттеу болуы  тиіс.

Испанияның Бильбао қаласымен қатар, Мадрид, Андалусия, Галисия, Каталония биометан өндірісін дамытып жатқан аймақтар санатына енеді. Жалпы Испания бойынша 14 биометан зауыты жұмыс істейді, оның он екісі газ желісіне қосылған. Өз әлеуетін толық іске асыру арқылы Испания 2050 жылға қарай тағы отыз зауыттың құрылысына инвестиция құймақшы.  Сөйтіп жылына 163 TWh көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр.  Бұл шамамен 46 000 отбасыны электр қуатымен толық қамтасыз ете алады деген сөз. Жалпы бұл деңгей Испанияны биометан өндірісі бойынша  Еуропаның Германия, Франция, Дания сияқты елдерімен терезесін теңестіре алады.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач, 24 kz