Ресей – Украина келіссөзінің үшініші кезеңі аяқталды
Ыстамбұлда Ресей мен Украина келіссөздерінің үшінші кезеңі өтті.
Ресей делегациясын әдеттегідей Президент көмекшісі Владимир Мединский бастап барса, украиналық өкілдер тобына ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров жетекшілік етті. Сөйтіп кездесуде тараптар қандай келісімге келді?
Келіссөз небары 40 минутқа созылды. Тараптар бұл басқосуда да тұтқындарды айырбастауға келісті. Сөйтіп екі ел 3 жылдан бері кепілде отырған 1200 сарбазды еліне қайтарады. Ресей тарапы Киевке саяси, гуманитарлық және әскери мәселелер бойынша үш онлайн жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл жұмыс тобы үдерісті тездетуге тиіс. Мұнан бөлек, Мәскеу Украина тұтқында ұстап отырған Курск облысындағы 30 адамды еліне қайтаруды сұрады.
Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:
-Біз бұл жолы уақытты, ресурстарды және салық төлеушілердің қаржысын үнемдеу мақсатында Украинаға үш жұмыс тобын онлайн форматта құруды ұсындық. Олар бұл ұсынысты қарастыруға келісімін берді. Сондай-ақ атыс жүріп жатқан жерде 24-48 сағатқа уақытша қақтығысты тоқтату режимін енгізуге ұсыныс тастадық. Мұнан бөлек, біздегі украин балаларының заңды ата-аналары, жақын туыстары немесе ресми өкілдері табылып жатса, оларды шұғыл үйіне қайтарамыз. Бұған дейін балалардың бір бөлігі Украинаға қайтарылды.
Ал Украина тарапы атысты уақытша тоқтатуға және көшбасшылар кездесуі үшін диалог жүргізуге дайын екенін жеткізді. Кездесу тамыз айының соңында өтуі мүмкін. Оған Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен АҚШ президенті Дональд Трамп қатысуы ықтимал.
Рустем Умеров, Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы:
-Біздің басты басымдығымыз — мемлекет басшыларының, президенттердің кездесуін ұйымдастыру. Егер Ресей бұл ұсынысты қабылдаса, бұл оның конструктивті көзқарасын бүкіл әлемге, соның ішінде біздің серіктестерімізге айқын көрсететін еді. Украина толық әрі сөзсіз атысты тоқтату туралы ұстанымын әрі қарай да жалғастырады. Екінші тарап та осы негізгі қадамды қабылдауға тиіс. Сонда ғана бейбітшілікке жол ашылады.
Екі жақты диалог қанша дегенмен сең қозғалғанын байқатады. Яғни текетіресті тоқтатудың алғышарттары жүзеге аса бастады. Бұған дейінгі кездесулерде де тұтқындар еліне оралған еді. Ендігі мәселе екі елдің Президентіне жай ғана жолығып, тізесі шыққан тақырыпты қайта қозғаудың қажеті жоқ.
«Мәселені құжат жүзінде шешу қажет», - деді Мединский. Айта кетейік, дәл осы сәтте тараптар бұған дейінгі келісім бойынша 250 сарбаздан тұтқын алмасу үдерісін аяқтады. Оның ізінше, қаза тапқандардың мәйітін беруді бастап кетті. Мәскеу Киевке 7 мың сарбаздың сүйегін қайтарды. Тағы 3 мыңын тапсыруға әзір.
Әсия Нұрлыбаева