Макрон: Франция Палестинаны ресми мойындайды
Франция қыркүйек айында Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде мойындайды.
Президент Эммануэль Макрон бұл шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясында жариялайды. Ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында осылай деп хабарлады. Франция президенті Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға, тұтқындарды босатуға және гуманитарлық көмекті күшейтуге шақырды. Палестина билігі Францияның бұл шешімін жоғары бағалап, оны палестиналықтардың тәуелсіздікке және өзін-өзі билеу құқығына берілген қолдау деп риза. Ал Израиль үкіметі оны қатаң сынға алды. Жалпы Францияның бұл шешімін Сауд Арабиясы, Испания мен Ирландия секілді біраз ел құптады. Ал АҚШ пен Ұлыбритания секілді одақтастары Палестинаны әлі мойындаған жоқ.
АҚШ БҰҰ конференциясына қатыспайды
АҚШ Израиль мен Палестинаға қатысты «екі мемлекет» шешімі бойынша БҰҰ конференциясына қатыспайды. Бұл туралы Мемлекеттік департамент өкілі Томми Пиготт хабарлады.
Оның айтуынша: «Вашингтон Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге күш салып жатыр. Алайда ХАМАС қозғалысы көмекті діттеген жеріне жеткізбей, ұрлап, тонап кетіп жатыр. Осының алдын алу үшін аймаққа көмек жеткізуді көздейтін арнайы жүйе құрылды», - дейді ол.
Томми Пиготт, АҚШ Мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының бірінші орынбасары:
- Мемлекеттік департаментте Газаға гуманитарлық көмек жеткізу мәселесін күнделікті талқылаймыз. Бұл – бүкіл әкімшілікке ортақ міндет. Осының арқасында біз аймаққа 90 миллион азық-түлік порциясын жеткіздік. Сондықтан, көмектің ХАМАС тарапынан тоналмай, Газадағы мұқтаж жандарға мүмкіндігінше көп көлемде жетуін қалаймыз. Осы мақсатта құрылған гуманитарлық көмек қоры бұл көмекті жеткізудің бір жолына айналды. Сол себепті біз осы қорға қосымша қолдау көрсетіп, көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырамыз.