Қытайда жойқын су тасқыны болды
Қытайдың Ганьсу провинциясында жер-көкті су шайып жатыр.
Қазірдің өзінде 15 адамның сүйегі табылды. Тағы ондаған тұрғын ұшты-күйлі жоғалған. Мыңдаған адам үй-күйсіз далада жүр. Аймақта тек құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Оқиға Ганьсу провинциясында болып жатыр. Бұған дейінгі есеп бойынша апаттан көз жұмғандар саны 10 адам болса, қазір 15-ке жетті. 28 адам әлі табылған жоқ. Тағы 15 тұрғын ауыр жарақат алған.
Су тасқыны мен лай көшкіні бірнеше күн бойы жауған нөсер салдарынан болды. Түннің бір уақытында гүрілдеп келіп лап қойған топан су тау ішіндегі бірнеше ауылды шайып кетті. Алаңсыз жатқан халық қызыл судың құрсауында қалып қойды. Су ағысының жойқын болғаны соншалық 40 тонналық жүк көліктерін ағызып кетті. Жүздеген үй қирап 10 мыңға тарта адам қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккендердің ішінде 400-дей турист және кәмелеттік жасқа толмаған балалар бар.
Чжан Юйхэ, Малиантань ауылының тұрғыны:
- Не болғанын түсінбей қалдық. Дүние-мүлкіміздің бәрі қалды. Ешнәрсеге үлгермедік. Өзіміз әзер қашып құтылдық. Ауылдастарымыз бен жақындарымыздан хабар ала алмай отырмыз. Біз осында жетіп орналастық. Бүгін таңертең құтқарушылар келіп азық-түлік пен ауыз су таратты.
Тасқыннан қашып құтылған тұрғындар қазір мектептер мен ауруханаларды паналап жатыр. Апаттан маңызды инфрақұрылымдық нысандар бүлінді. Ұлттық, өңірлік және ауылдық маңыздағы жолдардың 100 шақырымнан аса бөлігін су шайып үш көпір жарамсыз күйге түсті. Жолдың жоқтығынан құтқарушылар мен көмек кешігіп жатыр.
Цзюй Хунвэнь, Ганьсу провинциялық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма қызметкері:
- Мұндай апат бұрын-соңды болмаған. Сегіз ауылда жағдай күрделі. Үш бірдей метеорологиялық станция мамандары ауа райын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Қазір ең бастысы жоғалғандарды табу керек. Қосымша күш тартылып, оларды іздеу аумағын ұлғайтқалы жатырмыз.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары күндіз-түні жүріп жатыр. Құтқару шараларына әскерилер жұмылдырылды. Жауыннан ауылшаруашылық алқаптары да бүлініп, шаруалар қыруар шығынға батып жатыр. Ал метеорологтар су тасқыны қаупі Қытайдың орталығындағы Хэнань провинциясына да төніп тұрғанын айтады. Осыған байланысты аймақта қауіптің жоғары деңгейі жарияланды.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын