Әлемде 2100 жылға қарай демографиялық дағдарыс күшейеді
Келесі ғасырдың басында жер бетіндегі демографиялық ахуал ушығады. БҰҰ-ның дерегі бойынша 2100 жылға қарай әлемде кәрі адамдар көбейіп, халық саны азаяды, деп хабарлайды 24kz.
Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына не себеп? Қазір қай елдің халқы бала сүюге асықпайды?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Соңғы жарты ғасырда Жер бетіндегі халықтың табиғи өсімі 2 есе бәсеңдеді. БҰҰ-ның мамандары АҚШ, Үндістан, Бразилия секілді әлемнің 14 елінде бала туу көрсеткіштерін зерттеген. Өйткені мұнда жаһан жұртының үштен бірі тұрады. Сауалнамаға қатысқандардың әрбір бесіншісі бала сүюге асықпайтынын айтқан. Ал, мұның себебін былай деп түсіндірген.
Карен Гуццо, Солтүстік Каролина университетінің демографы:
- Әйелдердің бала туу-тумауы қаржылық мәселеге келіп тіреледі. Көбі алдымен табысын көбейткісі келеді. Ал, әлемді жайлаған қымбатшылықтан қазіргі жастар бала сүюді емес, қара басының қамын ғана ойлауға мәжбүр. Сондықтан алдағы уақытта демографиялық ахуал ушықпаса, түзелмейтін сыңайлы.
Бүгінде экономикасы шарықтап тұрған АҚШ-тың өзінде бала туу көрсеткіші мәз емес. Былтыр Құрама штаттарында 3,5 млн сәби дүниеге келген. Яғни, америкалық отбасылардың тек 20%-і ғана балалы болған. Халық санының азаюына алаңдаған президент Трамп сәби сүйе алмай жүрген жұптар үшін қолдан ұрықтандыру процедурасының бағасын арзандатты. Тіпті бала тууға үгіттеу үшін қаржылай сыйақы тағайындады.
Карен Гуццо, Солтүстік Каролина университетінің демографы:
- Қазір АҚШ-тағы бала туу коэффициенті 1,6-ға тең. Бұл – Құрама штаттар тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Кез келген елдің демографиялық жағдайы тұрақты болуы үшін әр әйелге шаққанда бала саны 2,1-ден кем болмауға тиіс. Америкаға шеттен кіріп жатқандар көп. Бұл халық санын тұрақтандыруға сеп болып отыр.
Қарт құрлықта да демографиялық ахуал қиын. Бала туу, әсіресе, Испания, Грекия, Польша, Финляндия және Балтық елдерінде төмен. Еуростат дерегі бойынша, 2023 жылы ЕуроОдақ елдерінде 3 млн 665 млн сәби дүниеге келді. Ал, өткен ғасырдың 60-жылдары қарт құрлық елдерінде кемі 7 млн нәресте өмірге келетін. Демография саласының мамандары осылай жалғаса берсе, бұл зейнетақы қорының сарқылуы, жұмыс істеуге қабілетті адам санының азаюы секілді күрделі мәселелер туғызуы мүмкін, - деп алаңдайды.
Авторы: Зайнұр Байжігіт