Испания орман өртімен күрестің ерекше жолын тапты

Испанияда орман өртінің алдын алу үшін ерекше әрі экологиялық таза әдіс қолға алынды. 

Каталония аймағының кәсіпкерлері ешкі шаруашылығына ден қоя бастады. Еуроодақтың қолдауымен жүзеге асқан пилоттық жоба -  құрғақ шөптерді ұсақ мал арқылы азайтып, өрттің таралуына тосқауыл болуды мақсат етеді.

Испаниядағы аптап ыстық пен орман өрттері ел тарихындағы ең ауыр экологиялық дағдарыстың біріне айналды. Арагон аймағындағы Сарагоса қаласында ауа температурасы көлеңкенің өзінде елу градусты көрсетті. Солтүстік Испанияның Кастилия мен Леон өңірінде жаз басынан бері оннан астам өрт оқиғасы тіркелген, Өкініштісі, өрттің төрттен бір бөлігі әлі  өшірілген жоқ. Жеті жүзге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тоғыз аймақта қауіптің қызыл деңгейі жарияланған. От бір шарпыса тоқтауы қиын Испанияның Каталония өңірі қызыл жалынмен күрестің бірегей әрі көне әдісін қолдана бастады. Бүгінде Матаро қаласында 300 ге жуық ешкі құрғақ бұталары көп алаңдарда  жайылып жүр. 

Хосе Антонио Ричис, мал шаруашылығы бойынша кеңесші:

- Ешкі атаулы шөпті аса талғамайтын мал түрі. Бұта, кактуспен  қоректене береді.  Аптап ыстықта құрғақ бұтадан ешкі арқылы құтылу үлкен олжа біз үшін. Мұндай тәжірибе бүгін ойлап табылған жоқ, ғасырлар бойы бар. Қазіргі уақытта кей шаруа заманауи техникадан бас тартып, ескі заманның әдісін қайта қолданып жүр.

Франческо мен Педро  шаруашылықтарын  біріктіріп, ешкілерін кезекпен бағуды  ақылдасып алған. Көмекші ретінде жандарына ит ерткен. Мұны байқаған жергілікті аютаментэ, яғни Матаро қаласының әкімдігі бақташыларға арнайы субсидия бөлуді қарастырыпты. Осылайша қос шаруа ЕуроОдақтың қолдауымен жүзеге асқан пилоттық жобаның қатысушылары боп шыға келді. Ең бастысы - ешкілерін құрғақ бұтасы, шырпы-таяғы бар, яғни өртке осал алаңға жайып, тілсіз жаудың алдын алуға септігін тигізсе болғаны.

Франческо Тейшидо, шаруа:

- Жайылымды жергілікті билікпен алдын ала ақылдасатын болдық. Сол үшін де субсидия аламыз. Енді ешкі сүтін де жылдам сатуға мүмкіндік жасауды сұрап жүрміз, қағазбастылық, санитарлық тексеріс деген әлі де көп. 

Шаруа сөзінің жаны бар. Каталония өңірінің тұрғындары ешкі сүтінен жасалған сыр өнімдерін жақсы көреді. Бұл аймақта ешкі сүті мен одан дайындалған ірімшіктер ерекше бағаланады, дәстүрлі тағам нарықта сұранысқа ие. Осылайша испандық бақташылар бір жағынан табиғатқа көмегі көп, екіншіден сүті бал деп бағаланатын ешкі санын  келесі жылы екі есе көбейтуге білек сыбанып отыр.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач