Түркияда құрылыс қауіпсіздігі күшейтілді

Түркияда құрылыс саласындағы талап қатаңдатылды, деп хабарлайды 24kz.

Енді әр жаңа ғимарат апатқа төзімді әрі энергия үнемдеуге тиіс. Бұл – елдің сейсмикалық қауіпке қарсы қабылдап жатқан басты шарасы.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда құрылыс секторы – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Бұл сала ЖІӨ-нің шамамен 6%-ін қамтып отыр. Соңғы жылдары тұрғын үй тапшылығын азайтып, зілзалаға төзімді инфрақұрылымды дамыту мақсатында ірі қалаларда құрылыс қызу жүріп жатыр.

Анкарада құрылыс саласында қарқынды даму бар. Бұған статистикалық көрсеткіштер дәлел. Биыл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21,4%-ке өсті. Бұл жобалар заманауи сәулет қана емес, апатқа төзімді әрі энергия көзін тиімді пайдаланатын ғимарат салуды көздейді.

Сарапшылардың айтуынша, Түркияда 2000 жылға дейін салынған ғимараттардың сапасы сын көтермейді. Себебі елдегі нысандардың жартысынан астамы ескі әрі апатқа төзімсіз. 1999 жылы болған жойқын зілзаладан кейін мемлекет құрылыс стандартына түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа нысандар үшін дайын бетон қолдануды міндеттеді.

Ахмет Якут, Орта Шығыс техникалық университеті зілзаланы инженерлік зерттеу орталығының профессоры:

- Түркияда 100%  жобалық талаптарға сай құрылыс жүргізу өте қиын. Бұл – адами факторға байланысты. Сызба қателері, бақылаудың әлсіздігі сияқты мәселелер бар. Бірақ соңғы кезде модульдік құрылыс жүйелері кең таралып жатыр. Бұл сапаны арттырып, жұмыс күшіне тәуелділікті азайтады. Бұрын экономикалық тиімділік маңызды болса, енді қауіпсіздік бірінші орында.

Иә, апат айтып келмейді. Оның үстіне Түркия сейсмикалық белсенділігі жоғары Анадолы плитасының үстінде орналасқан. Бұл аймақ кез келген уақытта жойқын жер сілкінісіне тап болуы мүмкін. Осы себепті елде құрылысқа арналған материалдар арнайы сейсмикалық сынақтан өтеді. Сондай-ақ экологиялық стандартқа сай болуы тиіс. Мұндай сынақтар тек Түркияда ғана емес, Еуропа мен АҚШ-та қолданылатын құрылыс материалдарына да жүргізіледі.

Беязыт Айдын, Орта Шығыс техникалық университеті профессорының көмекшісі:

- Біздің зертхана Түркиядағы санаулы ірі сейсмикалық сынақ орталықтарының бірі. Біз бетон мен металл конструкцияларын сынақтан өткізіп, жер сілкінісінен кейінгі зақымдарды бағалауға мүмкіндік беретін деректер жинаймыз.

Сонымен қатар жаңа ғимараттарда энергия үнемдеуге де басымдық беріліп отыр. Құрылыс кезеңінен бастап, жарық пен жылу энергиясын тиімді пайдалану бойынша да талаптар қатайтылды.

Сүеда Хамдемир, құрылыс инженері:

- Біз ғимарат жобалауда күн сәулесін барынша тиімді пайдалану мен жылу жоғалтуды азайтуға көңіл бөлеміз. Жоғары жылу оқшаулағыш материалдарды қолдану арқылы энергияны үнемдеуді қамтамасыз етудеміз.

Түркия құрылыс саласын түбегейлі жаңартып жатыр. Бұл тек экономикалық өсім үшін емес, адам өмірінің қауіпсіздігі үшін де маңызды қадам. Қазіргі өзгерістер елдегі болашақ инфрақұрылымның сапасын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева