Трамп, Зеленский және Еуропа көшбасшылары: Ресеймен келісімге қол жеткізу мүмкін бе?
Бүгін Владимир Зеленский Вашингтонға барады, деп хабарлайды 24kz.
Президент Дональд Трамп Украина басшысын Аляскадағы АҚШ-Ресей саммитінен кейін Ақ үйге шақырған еді. Украинадағы қарулы қақтығысты тоқтату тетіктерін талқылайды. Президент Трамп Еуропада тыныштық орната ала ма?! Бұл жолғы кездесудың соңы қайта кикілжіңге ұласпай ма?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Биыл ақпан айында Вашингтондағы Ақ үйде Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасында болған кикілжің көпшіліктің әлі есінде. Украина жақтастары бұл жолғы кездесудің соңы қайта дауға ұласа ма деп қауіптенетін көрінеді. Сондықтан Еуропа көшбасшылары бүгін Вашингтонға Владимир Зеленскиймен бірге бармақ. Сондай-ақ сарапшылар: «Қарт құрлық елдері Украинадағы атысты өзі тоқтата алмағанымен, Дональд Трампқа өзін басты ойыншы ретінде көрсеткісі келеді», - дейді.
Франция президенті: «Қазір Кремльге қарсы әлсіздік таныту болашақ қақтығыстарға алғышарт жасау деген сөз», - деп санайды. Сондықтан Эмманюэль Макрон Еуропа көшбасшылары Ақ үйде Дональд Трамппен Ресейге қарсы қысымды күшейту жөнінде сөйлесетінін хабарлады.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия басшысы:
- Украинада қарулы қақтығыс тоқтамайынша, Ресейге қарсы экономикалық шектеулерді күшейтпесек, азайтпаймыз. Осы уақытқа дейін 18 рет санкция салдық. Алдағы қыркүйек айында 19-ші пакетін енгізуіміз мүмкін.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Путиннің талабы көп. Олардың бірін білсек, бірін білмейміз. Егер естігеніміздей, ұзақ тізім болса, оны қарап, нақты шешім шығару үшін бізге уақыт керек. Ал мұны қарулы қақтығыс жағдайында жасау мүмкін емес. Сондықтан атысты тоқтатып, уақытша бітімге қол жеткізу керек. Вашингтонда осы мәселені талқылайтын боламыз.
Халықаралық Reuters агенттігі Ресейдің қарулы қақтығысты тоқтатуға қатысты талабын жариялады. Бұл деректерге қарағанда, егер Украина әскері Донецк және Луганск облыстарынан шығарылса, Ресей Херсон және Запорожьедегі майдан шебін қазіргі күйде тоқтатып, Сум және Харьковты Киевке қайтарады-мыс. Бүгін Трамп Вашингтонда Зеленскиймен кездесіп, оны осы және басқа шарттарға көндіріп көруі мүмкін. Халықаралық басылымдардың мәліметі бойынша Киев бұған көнбесе, Ақ үй Украина армиясын Starlink байланыс жүйесінен ажыратпақ.
Сарапшылар Аляскадағы АҚШ-Ресей саммитінен кейін президент Трамптың көп мәселе бойынша ойы өзгергеніне баса назар аударып отыр. Бұған дейінгі ауыр санкциялармен қорқытқан адуынды қалып жоқ. Аляскаға аттанарда Ақ үй басшысы ең алдымен атысты тоқтатуға қол жеткізуді көздеген еді. «Владимир Путинмен кездесуден кейін ол уақытша бітім емес, қарулы қақтығысқа нүкте қойып, бейбіт келісім жасаған дұрыс», - деп отыр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Ресей президенті Владимир Путинмен Аляскадағы кездесу өте жақсы өтті. Сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскиймен және бірқатар еуропалық көшбасшымен, оның ішінде аса құрметті НАТО Бас хатшысымен де телефон арқылы сөйлестім. Барлығымыздың ойымыз бір жерден шықты. Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысқа нүкте қоюдың ең дұрыс жолы уақытша бітім емес, толыққанды бейбіт келісімге қол жеткізу керек. Өйткені уақытша келісім көп жағдайда ұзаққа созылмайды. Президент Зеленский дүйсенбі күні түстен кейін Вашингтонға келеді. Егер бәрі ойдағыдай болса, одан кейін біз Ресей президенті Путинмен кездесуіміз мүмкін.
Президент Дональд Трамп Ресей және Украина басшыларымен кездесуді осы аптада-ақ өткізбек. Саммит күні 22 тамызға белгіленіп отыр. Бұл туралы америкалық Axios ақпарат порталы хабарлады. Алайда бұған қатысты Кремль әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Президент Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф CNN арнасына берген сұхбатында Аляскадағы саммиттің нәтижесімен бөлісті. Ол егер бейбіт келісімге қол қойылса, Владимир Путин Украина мен Еуропаға қарсы шабуыл жасамау туралы міндеттемені заң жүзінде бекітуге уәде бергенін айтты. Сондай-ақ АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін мәлімдеді.
Ал Ресей басшысы Владимир Путин Мәскеуге оралған соң Кремльде жиын өткізіп, Аляскаға сапарын қорытындылады. Басқосуға президент әкімшілігінің, үкіметтің, Мемлекеттік думаның, министрліктердің басшылары шақырылды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Сапар дер кезінде жасалды және өте пайдалы болды. Біз АҚШ президенті Дональд Трамппен өзара ықпалдастығымыздың барлық дерлік бағыттары туралы әңгімелестік. Бірінші кезекте, украиналық дағдарысты әділетті шешу мүмкіндігін сөз еттік. Бұл мәселенің түпкі себептерін талқыладық. Оларды жою дағдарысты реттеудің негізі болып табылады.
Сарапшылар Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталған бүгінгі басқосуға үлкен үміт артып отыр. АҚШ сенаторы Линдси Грэмнің айтуынша, егер Зеленский, Трамп және Путин алдағы күндері кездессе, бұл дағдарыс жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін.