Вашингтонда Украинаға қауіпсіздік кепілдігі мен Ресей талаптары талқыланады
Украина президентінің ұшағы бірнеше сағат бұрын Вашигтон әуежайына қонды, деп хабарлайды 24kz.
Түнделетіп келген Владимир Зеленский бүгін кешке Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездеседі. Бұл кездесудің бір қызығы, Еуропадағы көшбасшы елдердің басшылары да осы жиынға қатыспақ.
Бұлар Зеленскийдің шашбауын көтеріп келе ме әлде өздерінің бір ойлағаны бар ма? Мұны ертеңгі күн көрсетеді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Вашингтон әуежайлары да, Ақ үйдің іші-сырты да қарбалас күйге енді. Бұл жолы АҚШ президентімен кездесуге Зеленскиймен қатар Германия канцлері Фридрих Мерц, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Финляндия президенті Александр Стубб, Франция президені Эмманюэль Макрон, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен НАТО бас хатшысы Марк Рютте келе жатыр. Сегіз саясаткер мен Дональд Трамп Украинаға ұсынылатын қауіпсіздік кепілдігі жайлы бір байламға келуді жоспарлар отыр. Ресейдің территориялық талаптары да сөз болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрынғы жиында Путин Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдігіне келісетінін айтып, оның орнына әлі жауланбаған Донбасты Мәскеу бақылауына беруді ұсынған. Сөйткен жағдайда Херсон мен Запорожьедегі әскери қимылды тоқтатып, одан ары Украинаға және өзге Еуропа елдеріне қауіп төндірмейтінін ескертті. «Ресейге қатысты үлкен бір жетістік бар», - деп анонс жасады Трамп әлеуметтік желіде. Украинаға қатысты да пост болды. Оның айтуынша, Зеленский Қырымды Ресейге беріп, НАТО-ға қосылуды жоспарынан алып тастау керек. Талап ауыр. Ертеңгі кездесулердің де маңызы жоғары. Бір емес, сегіз басшы келгелі жатыр. Ақпан айындағы атышулы драмаға қайта куә болмаймыз деген үміт те басым. Шара Астана уақытымен түнгі 00:00-ге қараған шақта алдымен Вашингтон мен Киев өкілдері арасында екіжақты кездесуден басталады. Кейіннен ол еуропалық билік өкілдерімен көпжақты жиынға ұласады.