Ресей мен Украина бітімге келуі үшін қандай дипломатиялық қадамдар жасалды?

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс қашан шешіледі? Қазір көпті алаңдатқан мәселе осы.

Аляскадағы АҚШ-Ресей саммитінен кейін президент Дональд Трамп Владимир Зеленскийді бірден Ақ үйге шақырды. Өйткені Вашингтон мен Мәскеу көп мәселеде толық келісімге қол жеткізе алмады. Ақ үй басшысының айтуынша, түптеп келгенде соңғы шешімді Украина қабылдауы тиіс. Ресей мен Украина бітімге келуі үшін осы күнге дейін қандай дипломатиялық қадам жасалды?

12 ақпан: АҚШ пен Ресей басшылары телефон арқылы сөйлесті

Украинадағы қарулы қақтығыстардың басталғанына биыл, міне, үш жылдан асты. Бірақ шиеленісті реттеуге бетбұрыс тек 2025 жылдың ақпан айында АҚШ-та билікке Дональд Трамп келгеннен кейін жасалды. Ақ үй басшысы ең алдымен президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Келесі күні Мәскеуде Украинаның қатысуынсыз бейбіт келіссөздер басталды. Сарапшылар: «Америка президенті бұл қадам арқылы ресми Киевке ескерту жасады», - деп санайды. Ал, Мәскеу үшін дипломатиялық жеңіс болды.

28 ақпан: В.Зеленскийдің Вашингтонға сапары

Осы мәселе президент Владимир Зеленскийдің титығына тиді ме, әйтеуір Құрама Штаттарына барған кезінде ол: «Америка тарабы сыртқы ықпалдардың жетегінде кетті» деген уәж айтты. Сөйтіп, Дональд Трамппен кездесуінің соңы дауға ұласып, Украина президенті Ақ үйден кетіп қалған еді. Осы кезде АҚШ Украинаға әскери көмекті тоқтатты. Ал, Киевтің күші өзінен әлдеқайда басым жаумен жалғыз алысуға жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан көп ұзамай президент Владимир Зеленскийге райынан қайтуға тура келді.

Сауд Арабиясының арағайындығымен келіссөздер өтті

Сауд Арабиясының арағайындығымен Ресей мен Украина делегацияларының арасында бірнеше келіссөз өтті. Нәтижесінде қос тарап Қара теңізде оқ атпауға және энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасамауға келісті. Вашингтон мен Мәскеу арасындағы негізгі келіссөзді Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф жүргізді. Ол Владимир Путинмен жабық есік жағдайында 5 рет кездесті. Тіпті Ресей президентімен жақсы қарым-қатынас та орнатты.

30 сәуірде АҚШ пен Украина ресурстар туралы келісімге қол қойды

Сарапшылардың пікірінше, президент Дональд Трамп жаһанда бейбітшілік орнатушы, бітімгер әрі көшбасшы ретінде танылғысы келеді. «Сондықтан қандай да бір келісімге тезірек қол жеткізуге ниетті», - дейді. Иә, Дональд Трамп өзін бітімгер ретінде көрсеткісі келгенімен, экономикалық пайдасын да қалт жіберген жоқ. Келіссөзге араласу арқылы Украинаның сирек минералды ресурстарын бірлесіп өндіру бойынша келісімге қол жеткізді.

Ыстамбұлдағы Ресей-Украина келіссөздері

Ақ үй басшысы билікке келсем шиеленісті 1-2 күнде-ақ реттеймін деген еді. Бірақ жағдай ол ойлағандай болмай шықты. Арада бірнеше ай өткен соң жауласқан екі жақтың өкілдері бір үстел басында Ыстамбұлда кездесті. Үш жылдан кейін алғаш рет бетпе-бет өткен келіссөзден соң екі жақ мыңға мың формуласы бойынша тұтқын алмасты. Кейін Ресей мен Украина делегациялары Ыстамбұлда тағы 2 рет бас қосты. Тараптар қарулы қақтығысты тоқтату бойынша талаптар көрсетілген құжаттармен алмасты. Бір-біріне қайтыс болған жауынгерлердің мәйіттерін қайтаруға уағдаласты.

15 тамыз: Аляскадағы АҚШ-Ресей саммиті

Ал 15 тамызда АҚШ президент Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Аляскадағы кездесуі ешбір келісімсіз аяқталды. Бірақ тараптар: «Саммитте бірқатар мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік», - деп мәлімдеді. Алғашында «1-1» деп жоспарланған кездесу «3-3» форматына ауысып, келіссөз  3 сағатқа созылды. АҚШ президенті қасына Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкіл Стив Уиткоф, ал Кремль басшысының жанына Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен көмекшісі Юрий Ушаков қосылды. Жиынның соңында Владимир Путин: «Украинаны бауырлас халық» деп, қазіргі жағдайға өкініш білдіріп, бейбітшілік жолында мүдделес екенін жеткізді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт