Португалияда орман өртінен қала мэрі ажал құшты

Еуропаның оңтүстігіндегі бірқатар елде ормандар өртеніп жатыр. Жалын Испания, Португалия, Грекия, Түркия және Албаниядағы ну тоғайларды шарпыған.

Қарт құрлықта тілсіз жаудың өршуіне не себеп?

Орман өртінен тарихи нысандарға қауіп төнді

Ахуал әсіресе Испанияда ауыр. Мұнда тілсіз жаудан біраз елдімекеннің түгі қалмай жанып кетті. Бүлінген мүлік пен өлген малда есеп жоқ. Жиған-тергенімізден айырылдық, - деп жұрт қайғырып жатыр. Кейінгі деректерге қарағанда, екі аптада тілсіз жау 158 мың гектар алқапты күлге айналдырған. Бұл Лондон қаласының аумағымен бірдей. 7 адам опат болды. Олардың арасында құтқарушылар да бар. Өрт бірқатар тарихи ескерткішке қауіп төндіріп тұр. Соның бірі 17 ғасырда тұрғызылған Аталайя бекінісі. Қамал 1640 жылдары көршілес Португалиядан қорғану мақсатында салынған. Десе де, биліктегілер жалынды ауыздықтауға дәрменсіз. Сондықтан тұрғындар күндіз-түні кірпік ілмей кезекшілікке шығып, өз бетінше өртті сөндіруге тырысып бағуда.

Метеорологтар алдағы күндері кей аймақта сынап бағанасы 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп отыр. Бұл Еуропа үшін аномальды жағдай. Қазір Испанияның 20 өңірінде орман жанып жатыр. Билік қолда бар ресурсты табиғи апатпен күреске жұмылдырған. Бірақ жел соғып, қызыл жалын бой берер емес. Сондықтан Испания билігі Еуропалық одақ елдерінен көмек сұратты.

Өрт қойғаны үшін 14 адам ұсталды

Албанияның Эльбасан ауданында 80 жастағы тұрғын ауласында от жағып, оны өшіре алмай бір елдімекен түгелдей жанып кетті. Қария жалын ортасында қалып көз жұмды. Жалпы елде өртті қасақана қою оқиғалары жиілеген. Соңғы 2 тәулікте өртке байланысты 14 адам ұсталды. Кей қаскөйлердің отты әдейі тұтандыру сәттері түсірілген бейнежазба жарияланды. Одан қастық әрекеттен кейін дереу ізін суытпақ болғандарын көруге болады. Соңғы күндері Албанияда күн ыстықтан ормандарда өрт көбейіп, ондаған үй жанып кетті. Жүздеген адам баспанасынан айырылды.

Орман өртінен қала мэрі ажал құшты

Португалия халқы да тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Шөбі шүйгін шабындықтар жойылды. Ормандағы жан-жануар пана таппай, өмірлері үшін аласұрып жүр. Өртпен күреске 4 мың құтқарушы жұмылдырды. Алайда қауіп сейілер емес. Жалын жүздеген тұрғыны бар қалалардың іргесіне дейін жеткен. Кейінгі ақпарат бойынша, жанып кеткен үйлердің бірінен Вила-Франка-ду-Деау шаһары мэрінің денесі табылды. Халық шелекпен су тасып амалдап жүр. Биліктің дәрменсіздігіне сын да айтылып жатыр. «Үкімет дер кезінде әрекет еткенде апат осылай өршімес еді», - дейді жергілікті тұрғындар.

Өрттен кейін аң аулауға тыйым салынды

Түркияның бірнеше аймағында бірнеше апта бойы лаулаған жалынның басым бөлігі сөндірілді. Бірақ, бірталай гектар орман орны сиреді. Жергілікті экожүйеге үлкен қауіп төніп тұр. Өйткені қаншама жан-жануар тірідей өртеніп кеткен. Мамандар олардың орнын толтыру қиын болады дейді. Сондықтан жергілікті билік аң аулауға тыйым салды. Ғалымдардың айтуынша, қазір климаттың өзгеруі әсіресе Еуропа елдерінде байқалады. Мамандар ауа райына көмір қышқыл шығарындылардың азайтылмауы кері әсер етіп отыр дейді. Еуропалық Одақтың Copernicus қызметінің деректеріне сәйкес, 1980-жылдардан бері қарт құрлық елдеріндегі орташа ауа температурасы 2 градусқа жылыған. Бұл орман өртінен бөлек, құрғақшылық, су тасқыны секілді табиғи апаттардың жиілеуіне әкеліп отыр, - дейді мамандар.

Стефан Дерр, Суонси университетінің профессоры:

- Соңғы 40 жылда әлемде өрт маусымының ұзақтығы 20 пайыз артқанын көріп отырмыз. Сондықтан қазір өрттер бұрынғыдан әлдеқайда жиілеген. Барлық жерде емес, бірақ Солтүстік жартышарда, ауылдық аймақтарда, соның ішінде Жерорта теңізінің жағасында орналасқан аудандарда. Мұннан бөлек қазір өрт болса, оның ауқымы көбіне бұрынғыдан әлдеқайда күшті болады. Бұған ең алдымен жаһандық климаттың өзгеруі себеп.