Түркияда аптаптан табиғат апаты жиіледі
Түркия биыл да аптап құрсауында қалды, деп хабарлайды 24kz.
Осы айда орташа температура шамамен 27 градусқа жетті. Сөйтіп, бұл ай кейінгі 55 жылдағы ең ыстық тамыз ретінде тіркелді. Мамандар: «Климаттық өзгерістер мен адами фактор мәселені одан сайын ушықтыруы мүмкін», - деп дабыл қағып отыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда күн қатты ыстық. Сынап бағанасы 30 градустан төмен түспей тұр. Бұл ел тарихта бұрын-соңды болмаған құрғақ кезеңді бастан кешіріп жатыр. Біраз өңірде жауын-шашын мөлшері азайып, қуаңшылық күшейген. Соның кесірінен биыл орман және дала өрті көбейді.
Ресми дерекке сүйенсек, биыл аймақта жауын-шашын көлемі өткен жылмен салыстырғанда 28%-ке төмендеген. Орташа температура бірнеше есе артып, ал қар жамылғысы бұрынғыдан әлдеқайда азайып кеткен. Су тапшылығы, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Анадолы, Ішкі Анадолы және Тракия аймақтарында қатты сезіледі.
Ибрахим Юмаклы, Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман министрі:
- Бұрын аптап жылына орташа есеппен 15 күнге созылса, қазір бұл көрсеткіш 200 күнге дейін жетуі мүмкін. Мұндай ұзақ әрі қатты ыстық өсімдіктердің күйіп, егін өнімділігінің төмендеуіне әсер етеді. Ең қауіптісі, орман өрті жиілейді.
Аптап пен жауын-шашынның азаюы халықты да әбігерге салды. Тұрғындар биыл жаздың әдеттегіден әлдеқайда ыстық, қапырық әрі құрғақ болғанын айтады.
Блиц 1:
- Биыл өте қатты ыстық болып тұр. Қайта-қайта су ішіп, сыртқа көп шықпауға тырысамыз. Соның өзінде ыстықтан қан қысымым жиі көтеріледі. Құрғақшылық та жағдайды ушықтырып жіберді.
Блиц 2:
- Аптаптан қорғану қиын боп тұр. Өйткені биыл мұндай ыстыққа алғаш рет куә болып отырмыз. Амалын тауып, ыстықтан қорғануға тырысамыз. Мына қолшатырлар да соның бір дәлелі.
Блиц 3:
- Ыстықтан қорғану үшін жиі су тұтынып жүрмін. Күнге қарсы жақпамай да аздап көмектеседі. Аптап кезінде жұмыс істеуге зауқың болмайды. Амал жоқ, төтеп беруге тура келеді.
Блиц 4:
- Бұрын дәл бұлай ыстық болған емес. Бірақ мен қара торы болғаннан кейін аса қатты сезе қоймаймын. Дегенмен де, аптаптан сақтанып, барынша абай болу керек.
Алғашқы 7 айда тіркелген 5 мыңнан астам өрттің үштен бірі орманды алқаптарда тұтанып, қалғаны ауыл шаруашылығы мен ашық далалық жерлерді шарпыған. Мамандардың айтуынша, апаттың жиілеуіне құрғақшылық қана емес, адами фактор да әсер етіп отыр.
Бекир Караджабей, Түркия Ауыл шаруашылығы және орман министрлігінің басқарма басшысы:
- Өрт көбінесе астық қалдықтарын жағып, темекі тұқылын жол жиегіне тастай салудан болады. Ал жел мен аптап өрттің тез таралуына ықпал етеді.
Жауапты орган өрт қауіпсіздігіне қатысты шараларды күшейтіп, халықты сақ болуға шақырып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, тиісті жұмыстар дер кезінде қолға алынбаса, бұл жағдай Түркияның су қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. «Сол себепті су ресурстарын тиімді басқару мен өрттің алдын алу шараларын күшейту қажет», - дейді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева