ШЫҰ халықтық дипломатия миссиясын дамытуға мүдделі

Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықтық дипломатия миссиясын дамытуға мүдделі, деп хабарлайды 24kz.

Ол үшін еріктілердің үш жылдық өкілеттігін ұзарту маңызды. Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірлік сессиясында осындай ұсыныстар айтылды. Көтерілген мәселелер пысықталып, ұйымның бас хатшылығына жолданады. Жиында азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау саласы, қолжетімді қаржыландыру мен климаттың өзгеруі сияқты мәселелер қаралды.

2021 жылы ШЫҰ жанынан халықтық дипломатия институты ашылды. Мүше мемлекеттердің әрқайсысынан 4 кандидаттан іріктелді. Олар әр түрлі салада жетістікке жеткен мемлекет және қоғам қайраткерлері болуы шарт. Бүгінгі жиында еріктілерге берілетін 3 жылдық мерзімнің аздығы айтылды. Себебі бұл уақытта халық дипломаттары үлкен ұйымның жұмысына терең үңіліп, толыққанды іске кірісе алмайды.

Кабулжон Сабиров, Өзбекстандағы ШЫҰ Халық дипломатиясы орталығының директоры:

- Біз бүгінгі жиында айтылған барлық ұсыныстарды ұйымның бас хатшылығына жолдаймыз. Халық дипломатиясы институты өзін жақсы қырынан көрсетіп жатыр. Бұл формат ары қарай да жалғасын тауып, ұйымның дамуы жолында өз миссиясын атқаруы тиіс. ШЫҰ бұл мемлекеттердің тең дәрежеде бір-бірімен байланыс орнатып, барлық салада орнықты дамуына серпін береді.

ШЫҰ төрағалық ететін ресми Бейжің 8 салаға басымдық бермек. Экономикалық байланыстардан тыс, жаһандық проблемаға айналған климаттың өзгеруіне қатысты да оң қадамдар жасалмақ. Сондай-ақ 40-қа жуық кеңес өткізу жоспары тұр. Саясаттанушылар ұйымның жұмысын ілгерлету мақсатында өз ұсыныстарын айтты.

Эътибор Сұлтанова, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:

- Бізде Еуропалық қауымдастықтармен көптеген жобалар бар. Ал ШЫҰ аясында қоғамдық ұйымдармен анау айтқандай байланыс жоқ. Демек бізге өзге салаларды да дамыту үшін жобалар қажет. Мәселен спорттық дипломатияны алайық. Ұйымға мүше мемлекеттер бір-бірінің спорттағы жетістіктерін біліп отыруы тиіс.

10 мемлекет мүше Шанхай ынтымақтастық ұйымының көкжиегі кеңейіп келеді. Қатарға қосылуға ниет білдіруші елдер де аз емес. Бұл көрсеткіштер көп жылғы ұйым жұмысының жемісі болса керек.

Авторы: Дулат Нуркин