Әлемде алдағы бес жылда 5 млрд адам су тапшылығын сезінуі мүмкін

Алдағы 5 жылда әлемде 5 миллиард адам су тапшылығын сезінуі мүмкін. 2018 жылы көрсеткіш 3,5 миллиардан асатын, деп хабарлайды 24kz.

Қазір жер бетінде 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Таза су тапшылығынан жыл сайын мыңдаған адам түрлі ауруға шалдығып, көз жұмады. Осы ретте әлем елдері су тапшылғымен қалай күресіп жатыр?

Климаттың өзгеруі салдарынан жылдан жылға жағдай күрделеніп барады. Әлем халқының саны артқан сайын су жүйесіне түсетін салмақ та көп.

***

Иракта ауызсу қоры азайып барады

Ирактағы Басра қаласының тұрғындары кейінгі 80 жылда болмаған су дағдарысын бастан кешуде. Климаттың өзгеруі салдарынан елді қуаңшылық жайлап, өзен-көлдердегі судың тұздылығы көтеріліп кеткен. Сөйтіп, ішу тұрмақ пайдалануға жарамсыз бола бастаған. Қала тұрғындарының саны 3 миллионнан асады. Оның үстіне кейінгі жылдары температураның жоғарылауынан өзендегі су деңгейі біршама азайған. Аймақта негізгі су көзі Тигр мен Ефраттың қосылуынан пайда болған Шатт-эль-Араб өзені. Ал қос дария көрші елдерден бастау алады. Сондықтан ондағы су бөгеттері мен қоймалар да жағдайды шиеленістіріп отыр. Жергілікті үкімет тығырықтан шығу үшін су тұщытатын ірі және шағын станциялар салуға ниетті. Жоба құны 3 миллиард доллар. «Алайда оны жүзеге асыруға кем дегенде 3 жыл қажет», - дейді мамандар.  

Акиль Яраллах, су жобасының жетекшісі:

- Бұрын әр адамға күніне 350 литр су берілетін. Қазір Жоспарлау министрлігінің шешімімен бұл норма 250 литрге дейін қысқартылды. Бірақ мұның өзін орындау қиын болайын деп тұр. Сондықтан қатаң үлестіру режимі енгізілді. Жобалар көмектеседі деп үміттенеміз.

Ирак климат өзгерісіне төтеп бере алмайтын ел қатарына жатқызылған. Биыл қуаңшылықтан ауылшаруашылық саласы мол шығынға батты. Ауызсуды үнемдеу үшін билік біраз сектордың жұмысын қысқартты. Ал суармалы егіншілікке тек 375 мың гектар жер бөлген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға аз.

***

Орталық Азияда 22 млн адам таза суға зәру

Әлемде 153 ел трансшекаралық су бассейндеріне тәуелді. Бірақ тек 24 елде су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісім бар. Мәселен Орталық Азиядағы су тапшылығы алдағы онжылдықта 37%-ке жетуі мүмкін. Дүниежүзілік банк дерегіне сүйенсек, қазір Орталық Азияның бес мемлекетінде, яғни, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстанда 76 миллион тұрғынның кем дегенде 22 миллионы, бұл халықтың үштен бір бөлігі тұщы суға зәру. Қазақстан – әлемдегі теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ, құрлықтық мемлекет. Ел аумағының үштен екі бөлігі сусыз аймаққа жатады. Ал су ресурстарының 44%-і көрші елдерден, яғни, Орталық Азияның ірі трансшекаралық су көздері: Әмудария, Сырдария, Талас, Тарым, Шу, Қарқара өзендерімен Қырғызстан арқылы келеді. Қазір Әмударияда тәліптер салып жатқан Коштеп каналының құрылысы осы елдерге зардабын тигізуі мүмкін.

***

Суды тұщыту технологияларына қаражат қажет

Жер бетіндегі су қорының 97%-і ішуге жарамсыз. Өйткені тұзды. Осыған байланысты бірқатар елде суды тұщыландыруға баса мән беріледі. Мысалы, Сауд Арабиясында ауыз судың 70%-і суды тұщыту қондырғылары арқылы алынады. Ал су тапшылығы мәселесі өткір тұрған Мароккада ауызсу тұманнан өндіру қолға алынған. Алайда бұл тым қымбат. Күніне екі мың литр тұщы су беретін жүйенің жұмысы 15 мың АҚШ долларға бағаланады.

Тіршілік нәрінің тапшылығы Испанияда да өзекті. Оған қуаңшылық себеп. Ғасыр ортасына таман бір ғана Каталония өңіріндегі ресурстар 20%-ке азаяды деген божам бар. Билік бұл оны суды тұщыту қондырғыларының көмегімен шешіп жүр. Елде Еуропа бойынша ең ірі станция орналасқан. Ел бойынша 800 қондырғы күніне 5 миллион текше метр су өндіреді. Жалпы Испания тіршілік нәрін тұщыту қуаты бойынша әлемде Сауд Арабиясы, АҚШ және Біріккен Араб Әміріктерінен кейін төртінші орында. Бұл тиімді технология болғанымен, қыруар қаржыны қажет етеді.