Израиль әскері Газаға кіруге дайындалып жатыр

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс 2026 жылға дейін барады.

Бұл туралы Израиль Қорғаныс әскері мәлімдеді. Қазір Газа қаласын толық бақылауға алу үшін дайындық жүріп жатыр. Оған резервтегі 130 мың адам шақырылған. Алайда бұл халықаралық қауымдастық тарапынан наразылық тудырды.

Израильде заң бойынша әр азамат әскерге шақырылып, 36 ай қызмет етуі тиіс. Содан кейін дайындықтан өткендер он жылдық резервке тіркейді. Бұл шетелде тұратын қос азаматтығы барларға да қатысты. Оларды әскерге шақыру жағын Израиль елшілігі реттейді. 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылдарынан кейін Израиль міндетті әскери қызмет мерзімін үш жылға дейін ұзартты. Нәтижесінде ЦАХАЛ-дың тұрақты әскер саны 169 500 сарбазға ал резервтегі күш 465 мыңға жетті. Қазір еврей елінің әскерінің едәуір бөлігі Газа қаласын толық басып алуға дайындалып жатыр.

Эффи Дефрин, Израиль Қорғаныс армиясының ресми өкілі:

- Газа қаласының шетіндегі Зейтун ауданында «Нахал» бригадасының жасақтары мен 99-шы дивизияның басқаруындағы 7-ші бригада шоғырланған. Операция сәтті жүзеге асатынына сенімдіміз.  

Газа қаласын толық бақылауға ау бойынша операция бірнеше кезеңді қамтиды. Оның ішінде шаһардың оңтүстігінде гуманитарлық инфрақұрылым құру, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау, қаланы толық қоршап баып шабуылға көшу бар. Оған жаяу әскер, бронды техника, артиллерия және инженерлік бөлімшелерден құралған 14 бригада қатыспақ. Қазір елдің оңтүстігінде қосымша көмек тарату бекеттері мен далалық госпитальдар орнатылып жатыр. 

Израиль шетелдегі еврейлерді әскерге шақырды

Израиль Газада әскери қимылдарды бастай салысымен әлемдегі еврейлерді әскер қатарына шақырды. Бүгінде дүниежүзінде еврейлер АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия және Австралияда көп шоғырланған. Бұл мемлекеттерде азаматтардың өзге елдің әскерінде қызмет етуіне тыйым салатын заңдар бар. Дегенмен Израиль Қорғаныс армиясына қосылуға өзара келісімдер негізінде рұқсат беріледі. Мысалы, Австралия азаматтарына шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуына тыйым салынғанымен шетелдік армияда қызмет етуіне болады. Басты талап бұл Австралияның ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Оңтүстік Африкада да бұған қатысты талап қатаң. Басқа армияға қосылғандарға қылмыстық іс қозғалады.

АҚШ - 6,5 млн 

Франция - 440 000

Ұлыбритания - 312 000

Германия - 125 000

Австралия - 118 000

The Сonversation басылымы:     

- Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер Женева конвенцияларына, Азаптауға қарсы конвенцияға және геноцидке қарсы шараларына қосылған. Бұл құжаттар мемлекеттерге осындай қылмыстардың алдын алуды міндеттейді.

Газадағы әскери қимылдарға қатысушы шетелдіктерге шағым көбейді

Дегенмен қос азаматтығы бар тұлғалардың өзге елдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін жазаға тартылу ықтималдығы жоғары. Былтыр мамырда Бельгияда орналасқан палестиналық құқық қорғау ұйымы Халықаралық қылмыстық сотқа шағымданды. Мыңдаған израильдік сарбазға қатысты әскери қылмыстар туралы дәлелдер жинақталған құжат тапсырды. Оның ішінде Нидерланд пен Израиль азаматтығына ие екі сарбаз бар. Биыл сәуір айында  Ұлыбританиядағы құқық қорғау ұйымдары Лондон полициясына 10 британдық азамат үстінен соғыс кезінде адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыппен шағым түсірді. Ал Австралияда Халықаралық әділет бойынша заңгерлік ұйым ЦАХАЛ-да қызмет еткен шамамен 20 қос азаматтығы бар адамды бақылауға алған.