Орталық Азия елдері Ауғанстанмен алыс-берісті арттырады
Орталық Азия елдері Ауғанстанмен барыс-келіс, алыс-берісті арттырмақ ниетте, деп хабарлайды 24kz.
Ташкентте Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдері алғаш рет бас қосты. Алқалы жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері қатысты. Тараптар Ауғанстан мәселелері бойынша байланыс тобын құруға уағдаласты. Бұл топ аймақтағы мәселелерді жылдам шешуге атсалысады. Ондағы ахуалды реттеуге бағытталған ұсыныстар келісіліп әзірленеді. Аймақ елдері сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды қалпына келтіруге мүдделі. Сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, әсіресе, экстремизм мен терроризмге және есірткі саудасына қарсы бірігіп, күресудің маңыздылығы сөз болды. Арнайы өкілдер Орталық Азияның аймақтағы рөлін нығайтуға күш салады.
Еркін Тұқымов, ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі:
- Ауғанстанды оқшаулап тастау мүмкін емес. Бұл ұстаным дұрыс деп санамаймын. Қазақстанмен Өзбекстанның осы тұрғыда көзқарасы бір. Біз Ауғанстанды өз жұмыстарымызға араластыруымыз қажет. Су мәселесі, шекара, көлік-логистика салаларында ортақ жобалар бар. Оның сыртында Қазақстан Ауғанстанның негізгі ұн импортері. Көрші ретінде, тілеулес ретінде біз Ауғанстынның қуатты мемлекет болғанын қалаймыз.