Тянь-Шаннің Жеңіс шыңына шыққан альпинистке енді көмек бармайды

Тянь-Шаннің ең биігі Жеңіс шыңына шыққан альпинистке енді көмек бармайды.

 Өйткені күн райы нашарлап кетті. Наталья Наговицына аяғын сындырып алып, 12 тамыздан бері 7200 метр биікте жатыр. Өлі-тірісі әлі де белгісіз. Бұған дейін альпинистер де, тікұшақ та көтерілгенмен көмектесе алмады.

Спортшының ұлы Михаил Наговицын әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, Қырғызстан билігінен құтқару шарасын қайтадан жалғастыруды өтінген еді. Бірақ құқарушылар талпынғанымен нәтиже болмады. 

Екі аптадан астам уақыт шың басында ас-сусыз жатқан ресейлік альпинист қозғалыссыз қалды. Наталья Наговицынаның ұлы мәлімдеме жасаған соң, Қырғызстан құтқарушылары құтқару жұмыстарына тағы бір мәрте талпынып көрді. Олар әуелі дрон ұшырып, альпинистің шатырын бақылаған. Алайда еш қимыл байқалмады.

Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша Жеңіс шыңына әскери дрон жіберілген. 7140 метр биіктіктегі шатыр айқын көрінгенімен, операторлар ешқандай қозғалысты аңдай алмаған. Естеріңізге сала кетейік, Наталья Наговицына 12 тамызда шыңнан түсу кезінде аяғын сындырып алған еді. Содан бері оны эвакуациялауға үш рет әрекет жасалды. Әскери тікұшақ та ұшырылған, бірақ күн райының қолайсыздығынан тікұшақтың өзі апатты жағдайда қонуға мәжбүр болып, операция сәтсіз аяқталды. Кейін бірнеше жүз метр төменіректен Натальяға жетіп, көмек көрсетуге тырысқан италиялық кәсіби альпинистің денесі табылды. 

Эдуард Кубатов, Қырғызстан альпинизм федерациясы президенті:

- Қазір тау бөктерінде көріну қашықтығы 10 метрден аспайды. Жеңіс шыңы тарихында 7200 метр биіктен адам құтқару оқиғасы бұрын-соңды болмаған. 

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі спортшы әйелді хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне қосты. Еске сала кетейік, Наговицынаның күйеуі Сергей Наговицын 2021 жылы дәл осы Хан Тәңірі шыңында опат болған еді. Жеті мың метрге жуық биікте инсульт алған. Кейін Натальяның өзі араға бір жыл салып сол шыңға қайта өрмелеп, ескерткіш тақтайша орнатқан. Енді Наталья Наговицынаның өзі де талайлар тәуекел ете алмаған Жеңіс шыңына келер жаэылға дейін жатуы мүмкін. Өйткені оны сүйегін түсіруге 2026 жылдың көктемінде ғана мүмкіндік болады. Қазір ол жатқан зау биікте алай-түлей боран басталып кетті. Жалпы осы тамыз айының өзінде бұл биікке шыққан бес адам опат болған. Олардың екеуі Иран, тағы екеуі Ресей азаматы және бір италиялық бар.