Лондонда Қазақстанның тылсым табиғаты таныстырылды
Лондонда Үстірт жазығының тасбақасы туралы түсірілген фильмінің тұсаукесері өтті.
Король географиялық қоғамының ұйытқы болуымен таспаланған туынды Қазақстанның тылсым табиғаты туралы сыр шертеді.
Еліміздің батысындағы Үстірт жазығының жалпы аумағы 200 000 шаршы шақырым. Бұл шамамен Ұлыбритания жерінің 80 пайызы. Жазда мұнда ауа температурасы 50 градустан жоғары көтерілуі мүмкін, ал қыста – 40-қа дейін төмендейді. Қатал климаттық жағдайларға қарамастан, Үстіртте омыртқалы жануарлардың 300 түрі, сүтқоректілердің 45, ұя салатын құстардың 50 және тамырлы өсімдіктердің 724 түрі бар. Дәл осы ерекшелік шетелдік зерттеушілердің зор қызығушылығын тудырған.
Саксон Босворт, «Тасбақа» деректі фильмінің режиссері:
- Маған бәрі түс секілді көрінді. Қаладан өте алыс жерде орналасқан ғажайып мекенді көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Бұл жоба физикалық күш-қайратты талап етті. Мен көп рет тізерлеп отырып, төменнен түсіруге тырыстым. Бірақ бұл маған ерекше қуаныш пен шабыт сыйлады. Көп қуат алдым. Маған бұл өңір ұнап қалды.
Еліміздің тылсым табиғаты туралы білгісі келетіндердің көптігі сонша фильмнің тұсаукесері кезінде көрермен залға лық толды. 350 адамның басым бөлігі Үстірт жазығы туралы бұрын-соңды білмегенін жасырмады. Көрсетілімнен соң олардың Қазақстанның ғажайып табиғатына деген қызығушылығы оянғандай.
Бен Феллоуз, көрермен:
- Бұл өңірдің көрінісі таңғаларлық. Табиғаты қайталанбас ерекше әсем. Үстірттің миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан ғажайып мекен екенін байқадым. Бір күні міндетті түрде барып, бәрін өз көзіммен көргім келеді. Өйткені фильм сол байлықтың тек бір бөлшегін ғана көрсетті, әрі сол жерде мекендейтін жануарлардың жалғыз түрі жайлы ғана баяндады.
Король географиялық қоғамының негізі XIX ғасырда қаланған. Ол география ғылымын дамыту бағытында жұмыс істейді. Қоғам 25 жыл бұрын Британ империясы орденінің кавалері Невилл Шульман атындағы сыйлық тағайындап, осы секілді ғылыми жобалар мен экспедицияларға жыл сайын 2 грант бөліп келеді. Мақсат - жергілікті және жаһандық деңгейдегі қызықты жобаларды қаржыландыру арқылы әлем халқын ағарту.
Том Аллен, Король географиялық қауымдастығының өкілі:
- «Тасбақа» фильмі режиссерінің осындай ортада өмір сүретін жаратылыс туралы әңгімелегені ұнады. Бізге бұл өте қызық. Режиссердің жергілікті командамен қалай ынтымақтаса жұмыс істегені де таң қалдырады. Бізге халықты жаңа біліммен сусындату маңызды.
Фильмнің түсірілімі кезінде дала тасбақасын сақтау бойынша Tasbaqa fund табиғатты қорғау ұйымы қолдау білдірген. Жаңаөзендік өнер адамдары оның саундтрегін жазуға жәрдемдескен.
Домбырашылардың бірі шертпе күй, екіншісі төкпе күй тартқан - наурыз айының соңында пайда болатын, шағылысатын, қоректенетін, ал мамыр айында ұзақ ұйқыға кететін дала тасбақасының драмалық және нәзік әлемін аша білген. Фильм қалың көрерменген стриминг платформалары арқылы да қолжетімді болмақ.
Ғалымжан Қараманұлы, 24KZ