АҚШ-та сталкинг үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруы мүмкін

Әлемде сталкингке қарсы алғашқы заң 1990 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында қабылданды.

Бұған адамдарды аңдуға қатысты даулы істердің көбеюі түрткі болған. Қазір сталкинг АҚШ-тың барлық штатында құқықтық тұрғыдан заң бұзу болып саналады. Құрама Штаттарында сталкер жәбірленушінің өміріне қауіп төндірсе, темір торға тоғытылуы мүмкін. Әлемнің өзге елдерінде бопсалауға тап болғандарға қалай көмектеседі?

2022 жылы 13 жарым млн америкалық сталкингке тап болған. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі ұлттық орталығының зерттеуіне қарағанда, олардың 46 пайызы аңдушысын танимайды. Яғни оның әрекеттерін болжай алмай үрейленіп, күйзеліске ұшыраған. Сорақысы сол, әр бесінші сталкер жәбірленушіні қарумен қорқытқан. Құрама Штаттарында адамның соңынан түсіп, жеке шекарасын құрметтемей, оның ішінде заманауи технология, гаджеттерді қолданып аңдыса, қылмыскерге 250 мың доллар айыппұл салынып, 5 жылға түрмеге отырғызады. Ал жәбірленушінің өміріне қауіп төнсе, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Германияда адамдарды аңдып, қорқытатындар 3 жылға сотталады

Былтыр Германияда сталкинг бойынша 23 мыңнан аса дерек тіркелді. Әсіресе кейінгі 7 жылда жағдай қиындай түскен. Алманияда құрбандарына смс хабарлама жіберіп, электронды пошта, мессенджерде маза бермесе, фотосурет, скриндерді қолданып қорқытса, жеке деректерін заңсыз қолданса, құқықтық тұрғыдан заң бұзушылық саналады. Бұл үшін 2007 жылы елдің Қылмыстық кодексіне сталкинг ұғымы енгізілді. Германияда адамдарды аңдып қорқытатындар 3 жылға сотталуы мүмкін. Егер оның іс-әрекеті жәбірленушінің өліміне әкелсе, 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Ұлыбританияда жәбірленушіге аңдушының кім екенін хабарлауы тиіс

Ұлыбританияда жыл сайын әр бесінші әйел мен әр он бірінші ер адам сталкингке ұшырайды. Жеке өмірі мен еркіндігіне қол сұғатын қауіпке тап болғандар бірден полицияға шағымдануға құқылы. Тұманды Альбионның тәртіп сақшылары сот арқылы қорғау ордерін бере алады. Оған сай, сталкерге жәбірленушіге жақындауға, хабарласуға, әлеуметтік желі арқылы жазуға тыйым салынады. Сондай-ақ оны психологқа қаралуға міндеттей алады. Былтырдан бастап құқық қорғау органдары жәбірленушіге аңдушысының кім екенін хабарлауға тиіс. Өйткені олардың көбі ізін аңдыған адамды танымайтын көрінеді. Сарапшылар адамды аңду қолданыстағы кодекстерде нақты қылмыс түрінде белгіленбесе, құқықтық органдар оны кішігірім бұзақылық ретінде қарастырып, жаза тағайындамауы немесе мүлде іс қозғамауы мүмкін. Сондықтан бұл ұғымды қылмыстық кодекске енгізу маңызды, дейді. 

Зайнұр Байжігіт