Ташкентте қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтің көрмесі ашылды

Өзбектің «Гогені» атанған атақты қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына орай Ташкентте автордың үлкен көрмесі ашылды.

Рухани жиынға алыс жақын шетелдерден сурет өнерінің саңлақтары келді. Ауқымды іс-шараның ашылуына Қазақстан делегациясы да қатысты. Көрме Өзбекстанның мәдениет пен өнерді қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылды.

Ұлты қазақ, бірақ Өзбекстанда туып өскен атақты суретші Орал Таңсықбаев есімі түркі әлеміне жақсы таныс. Қылқалам шебері классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеп, әсем табиғатты шебер бейнелеген. Суретші қауым оның жұмыстарын атақты Матистің еңбектеріне ұқсатады. Тіпті екеуінің арасында бір тылсым байланыс бар деседі.

Жанарбек Берістен, философия ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Оралдың ең бір тамаша қасиеті ол реалистік өнерді, орыс авангардын, Еуропаның модернизмін бәрінен синтез жасап, оны Орталық Азиялық жаңа бір өнерге әкелді. Бояулары ашық, тон жағынан келгенде әлемдік дәрежедегі суретші.

Қазақ суретшісі көк жайлаудан, биік таулар мен сылдырай аққан өзендерден қуат алғандай. Табиғат аясында жұмыс істегенді ұнатқан. Атақты Әбілхан Қастеевпен етене араласқан. Ал 1934 жылы салынған қазақ әйелінің мына бейнесі суретшінің ұлтына деген сүйіспеншілігін білдірсе керек. 

Джавлан Умарбеков, Өзбекстанның халық суретшісі:

- Орал Тансықбаевпен алғаш танысқан сәтім әлі есімде. 3-курс студенті болып жүргенімде салған суретім ұстаздың көзіне түседі. Сосын ол мені шақырып, еңбегіңді сатасың ба?- деп сұрады. Қуанышым қойыныма сыймай бірден келістім. Ол өте қарапайым, сондай терең адам болатын. Ол өзін әр кез Өзбекстанның қазағымын деп таныстыратын. Еңбектері барша Орталық Азия үшін мол мұра болып қалды.  

Серікбай Әлжан, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Аспан, жер, тау мен өзендерді суреттеуі өте керемет. Құдды бір ертегі әлемінде жүргендей әсер аласың. Өзім де суретші болғаннан кейін автордың еңбектері мені ойландырып қойды. Осыдан кейін сурет салуға жаңаша көзқараспен келетін болдым. 

Арнайы Франциядан шақырылған реставраторлар жарты жыл бойы ескірген суреттерге жаңа рең беріп, еңбектенген. Ал көрме қазан айына дейін жалғасады.