Қытай көліктері әлем нарығын жаулады
Қытай көлік өндірісі бойынша жаңа деңгейге шықты, деп хабарлайды 24kz.
Көрші елде темір тұлпар сатылымы үш есе өсті. Әсіресе, электромобильдерге сұраныс артқан. Әрбір сатылған екінші көлік тоқпен жүреді. Әлемнің алпауыт автоөндірушілері Қытаймен бәсекелесе алар емес. Сұраныстың көп болғаны соншалық авто зауыттар алдын ала тапсырыспен жұмыс істеуге көшті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай автоөндірісі бойынша көп елден озып кетті. Оған әлемдік нарықтағы болып жатқан жағдай дәлел. Қытай автоөндірушілер қауымдастығының мәліметіне сәйкес елде ай сайын 2,5 миллион данадан астам көлік шығарылады. Кейінгі 7 айда зауыттарда 18 миллион данадан астам темір тұлпар жасалған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12%-ке көп.
Елде электромобиль өндірісіне ерекше мән берілген. Жыл басынан бері 8 миллион дана тоқпен жүретін көлік шығарылды. Бұл көліктерге Қытайдың өз ішінде де сұраныс жоғары. Алайда өндірушілерге экспортқа жұмыс істеген әлдеқайда тиімді. Табысы көп. Азғантай уақыттың ішінде Қытайдың жаңа электр көліктері Еуропа нарығын жаулап алды. Бүгінде кәріқұрлықта жүрген көліктердің 9,9%-і қытайлық өнім. Жоғары сұраныс қытайлық автоөндірушілерді осы нарыққа шығуға ынталандырып отыр. Бірақ бұл қарқынға еуропалық компаниялар төтеп бере алмай жатыр. Тоқтату мақсатында түрлі амалдар жасалғанымен, нәтижесіз. Енді олар бәсекелестіктен гөрі интеграцияға көше бастады. Яғни, кейбір жобаларды қытаймен бірлесіп жүзеге асыруға көндікті.
Синь Гобинь, Қытайдың өндіріс және ақпараттық технологиялар вице-министрі:
- Қытай автоөндірісін баға қолжетімділігі мен инновациялық мүмкіндіктері алға шығарып отыр. Біздің ел әлемдегі ең үлкен нарық пен тұтынушы базаға ие. Жергілікті автоөндірушілер тұтынушылардың қалауына қарай жұмыс істейді. Олардың сапаға деген сұранысын инновациялық жолмен қанағаттандырады. Бұл жоғары деңгейдегі бәсеке туғызып отыр.
Қытай көлік өндіру және сату жағынан 10-шы жыл қатарынан алда келеді. Жылдан жылға ұлғайып бара жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында көлік өндіретін зауыттар жасанды интеллектіні пайдалануда. Яғни, жаңа көліктерді құрастыруға роботтар қолданылады. Авто қауымдастықтың мәліметіне сай өткен жылы 32 миллион дана сатылған. Биыл бұл межеден асыруды көздеп отыр.
Айта кету керек, Қытайда жаңа көлік брендтері көбейіп барады. Көп болғаны соншалық нақты санын дөп басып айту қиын. Алайда, біздің жүргізген зерттеулерге сәйкес дәл қазір қытай көлік өндірісінде белсенді жұмыс істеп тұрған 150-ден астам автобренд бар. Оның ішінде 100-ге жуығы қытайдың өз бренді болса, қалғандары шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын