Шетелдіктер үшін түрік медицинасы сұраныста тұр
Әлемде тіс емдетушілердің бірсыпырасы Түркияны жағалайды. Әрісі Америка, берісі Еуропадан осында ағылып жатыр. Мұның мәнісі неде? Арзан бағада ма, қызметтің қолжетімділігі немесе сапасы ма?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия медициналық туризмде алдыңғы қатарда. Былтыр елге 1,5 миллионнан астам шетелдік емделуге келіп, ел бюджетіне 3 миллиард доллардан аса табыс түсірген. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында 730 мыңға жуық шетелдік Түркияны таңдады. Бұл шамамен 1,4 миллиард доллар кіріс әкелді. Мұнда 145 елден, әсіресе, Англия, Германия, Әзербайжан, Ирактан емделушілер көп келеді. Олар Түркия шекарасынан өтпес бұрын алдын ала “HealthTürkiye” платформасы арқылы онлайн ем түрін таңдап, қанша шығын кететінін біле алады. Аталған платформа түрік және ағылшын тілінде қызмет көрсетеді. Шетелдік пациенттер арасында шаш егу, ағза трансплантациясы, көз, тіс емдеу және экстракорпоральды ұрықтандыру қызметі сұранысқа ие.
Стоматологиялық қызметтің ішінде Түркия тіс имплантын орнату бойынша әлемде көш бастап тұр. Оның орташа бағасы бір тіс үшін шамамен 500 бен 700 еуро аралығында. Бұл біздіңше, 320 мың-450 мың теңге шамасында. Ал қарапайым тіс емдеу құны 200 мың теңгеден жоғары. Бұл баға Батыс елдерімен салыстырғанда 70-90%-ға төмен. Мұның анық-қанығын білу үшін шетелдіктер үшін стоматологиялық қызмет ұсынатын клиникалардың біріне арнайы бардық.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Біз дәл қазір Анкараның орталығындағы 32 жылдан астам тәжірибесі бар клиникалардың біріндеміз. Дәл қазір менің жанымда бірнеше жылдық тәжірибесі бар осы саладағы білікті маман, тіс дәрігері Гүзин Кырсачлыоглу тұр.
- Гүзин ханым, шетелдіктер Түркияға көбіне қандай қызмет түрін алу үшін келеді?
Гүзин Кырсачлыоглу, стоматологиялық клиника директоры, тіс дәрігері:
- Әдетте медициналық туризмде ауыз және тіс саулығы үшін, атап айтқанда имплант сынды тіс жетіспеушілігін емдеу үшін келеді. Әсіресе Еуропа елдерінің азаматтары көп келеді. Өйткені өз елдерінде бұл емдер өте қымбат.
- Емделушілер қай елдерден келеді? Қазақстаннан тісін емдету үшін арнайы келетіндердің қатары көп пе?
Гүзин Кырсачлыоглу, стоматологиялық клиника директоры, тіс дәрігері:
- Бізге 98 елден адамдар арнайы келеді. Еуропадан бөлек, Америка, Канада, Жапония, Перу, Израильден де науқастар келген. Біз қазақ бауырларымызды қатты жақсы көреміз. Олар да эстетикалық, ламинат, имплант сынды қызметтерді алу үшін келеді. Олар үшін біздегі бағалар кейде өз еліндегіден арзан болуы мүмкін.
Түркиядағы стоматологиялық қызмет Қазақстанмен салыстырғанда қымбат болуы мүмкін. Бірақ Батыс елдеріне қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан шетелдіктер үшін қолжетімді болып тұр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева