Сирек металдарға талас басталды

Адам тісті алтынмен аптап, күміспен күптеп жатады. Стоматологияда бұл екеуінен басқа да сирек металдардың түр-түрі қолданылады. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Осы айтылған сирек металдар үшін әлемде талас тартыс көп. Әсіресе АҚШ табиғи байлық қоры мол бола тұра, Қытайға кіріптар болмас үшін Украина, Гренландия сынды елдердің еншісіндегі жерлердің байлығын игергісі келеді.

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының негізі де осыған кеп тіреледі. Әрі қазіргі технологияның қарқынды дамуына ілесіп, сирек металға деген сұраныс артып барады. Жалпы әлемдік нарықтағы сирек металдардың қазіргі үлесі қандай?

Әлемдегі сирек металдың жалпы қоры 110 миллион тонна. Оның 44 миллионы Қытайдың үлесінде. Бұл ел әлем бойынша сирек металдар өндіретін өндіріс ошақтарының шамамен 60 пайызын және өңдеуші кәсіпорындардың 85 пайыздан астамын бақылауына алған. 30 жыл бұрын АҚШ-та осындай әлеуетке ие болатын. Алайда, экологиялық қауіптерге байланысты өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр болды. Ал, биыл Трамп билікке келгелі сирек металдар қорын байытуды қолға алды. Қытаймен қырықпышақ болып жүргені де осыдан. Өйткені, сирек кездесетін металдар нарығын Қытай басып алған. Ақ үй қазірде жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық берген. Бұл ретте сирек металдардың басым көпшілігі жасанды интеллект деректерін өңдеп, сақтау орталықтарын құруға керек.

Кобальтқа сұраныс артады   

Қазір жарты әлем жасыл энергияға көшуді бастап кетті. Бұл үдеріске де сирек металдардың мол қоры қажет. Атап айтқанда, никель, кобальт және литий. Бұлар электромобиль батареяларын, жел турбиналарын және күн панельдерін өндіруде қолданылады. Олардың құрлықтағы қоры шектеулі. Сарапшылардың бағалауы бойынша үш жылдан кейін бүкіл әлемде литий екі есе және кобальт қазіргіден 70 пайызға көп қажет болады. Сондықтан кейбір елдер мен компаниялар теңіз түбіндегі ресурстарды өндіруді дамытқысы келеді. Мысалы, АҚШ пен Қытай геологтары Кларион-Клиппертон аймағындағы Тынық мұхитының түбіндегі сирек метал қорының көлемін жүздеген миллион тоннаға бағалайды. Тек никель 340 миллион тонна. Сонымен қатар, бұл суларда кобальт, марганец және мыс кен орындары табылды. Бұл «жасыл» технологияларды дамыту үшін қолданылатын маңызды шикізаттар. 

Норвегиядан сирек минерал табылды    

Халықаралық суларда коммерциялық қазбаларды өндіруді алғаш болып заңдастырған ел - Норвегия. Оның ауданы 280 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Норвегияның оңтүстік-батысында геологтар сирек кездесетін минералдардың, соның ішінде фосфаттардың кен орнын тапты. Олар литий-темір-фосфат батареяларын өндіру үшін қолданылады. Кен орындарының көлемі - 70 млн тонна. Бұл алдағы 100 жылдағы шикізатқа әлемдік сұранысты қанағаттандыру үшін жеткілікті. Алайда теңіз түбінен тау-кен үдерісінің өзі қоршаған ортаны қорғаушыларды алаңдатады. Өйткені экожүйенің дамуына қауіп төнуі мүмкін.

100 млрд тонна металл мұхит қойнауында   

Қазірде 100 миллиард тонна сирек металл Тынық мұхитының қойнауында жатыр. Оны жапон геологтары анықтады. Құрлықпен салыстырғанда теңіз түбінде никель 6 есе көп болады. Ал, кобальт 10 есе, марганец 2 есе көп. Осы себепті кейінгі уақытта әлем елдері теңіздегі байлыққа көз салып, оны игерудің жодарын қарастарып жатыр.

4 жыл бұрын нарықтағы сирек металдардың құны 7 млрд долларға бағаланған. Ал алдағы 5 жылда көрсеткіш екі есе артады деген болжам бар. Сирек металдар электроникадан бастап энергетикаға дейін озық технологияларда кеңінен қолданылады.