Әлем елдерінің жол қауіпсіздігі: үздік тәжірибелер мен жетістіктер

Швеция Vision Zero бағдарламасын енгізгелі жолдағы қайғылы оқиғалар саны айтарлықтай азайған, деп хабарлайды 24kz.

1997 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба жол қозғалысына қатысушы барлық тараптың жауапкершілігін талап етеді. Яғни, жылдамдық шектеулері орнатылады, жол инфрақұрылымы талапқа сай жасалады және көліктерге қауіпсіздік жүйелері енгізіледі. Сондай-ақ жол қозғалысын қатаң бақылау және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді ақпараттандыруға арналған науқандар ұйымдастырылады. Бағдарлама жүзеге асырылғалы Швецияда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім айтарлықтай азайған. 1997 жылы 100 мың адамға шаққанда 7 жағдай тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш жылына 200 адамнан аз болды. Қазір бұл бағдарлама АҚШ, Нидерланд, Канада және басқа да дамыған елдерде кеңінен қолданылады.

Күншығыс елінде жолдағы ұйқы мен шаршауға байланысты болатын апаттардың алдын алу мақсатында ерекше мониторинг жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе жүргізушінің назарын үнемі бақылап, егер ұйықтап кету қаупі туындаса, бірден ескерту береді. Бағдарлама арнайы сенсорлар арқылы жүргізушінің көз қозғалысы мен бас ырғағын қадағалайды. Егер шаршау белгілері анықталса, жүргізушіні дыбыстық және визуалдық сигналдар арқылы оятады. Сонымен қатар кейбір автокөліктерде рөлді ұстау мен жылдамдықты автоматты түрде реттейтін жүйелер де орнатылған. Жапонияда жол-көлік апаттары негізінен күре жолдарда болатындықтан, бұл технология жол қауіпсіздігін жақсартуға септігін тигізген. Қазір бұл инновация әлемнің басқа елдеріне де үлгі болып отыр.

Германияда жүргізушілерді қайта оқыту мен «ақылды» жол жүйелері қауіпсіздіктің кепіліне айналды. Ел билігі жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізушілерге қатысты талаптарды күшейтіп отыр. Енді көлік тізгіндеген азаматтар белгілі бір мерзім сайын қайта тексеруден өтіп, білімін жаңартып отыруға міндетті. Бұл талап, әсіресе, егде жастағы жүргізушілерге қатысты. Сонымен қатар елде жол инфрақұрылымын цифрландыру мәселесі де ұдайы назарда. Қазір кей автобандар мен ірі тас жолдарда «ақылды жол жүйелері» жұмыс істейді. Бұл технологиялар көлік қозғалысын автоматты түрде қадағалап, жылдамдықты реттеуге, кептелістерді азайтуға және апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мысалы, жол бойындағы сенсорлар мен камералар ауа райын, жол жабындысының жай-күйін, және көлік ағынын нақты уақыт режимінде бақылайды. Егер қауіпті жағдай анықталса, жүйе жүргізушіге жылдамдықты төмендету, бағытты өзгерту не болмаса қозғалысты уақытша тоқтату туралы ескерту жасайды. Осындай кешенді шаралардың арқасында Германия Еуропадағы жол қауіпсіздігі бойынша жетекші елдердің біріне айналды.