Қытайдың қоқыс өртейтін зауыттарында шикізат тапшы
Елде қалдық жетіспей жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Салдарынан ірі-ірі өндіріс орындары толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Тіпті кейбір инвестжобалар тұралап қыруар шығынға ұшыраған.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Миллиардтан астам халқы бар алып елде қоқыс тапшы дегенге сену қиын. Алайда бұл Қытайда расымен де үлкен мәселеге айналып отыр. Тарқатайын. Жүргізілген талдауларға сәйкес оған бірнеше фактор әсер еткен. Біріншіден, ел үкіметі қоқысты сұрыптау саясатын бірнеше жыл бойы күшейтумен болды.
Екіншіден, инфрақұрылым шамадан тыс өсті. Елде қоқыстарды өртейтін зауыттарға қарағанда өңдейтіндері көбейген. Бұл өртелетін күл-қоқыстың үлесін азайтып жіберді. Үшіншіден, кейбір аймақтарда халық саны азайып, бұл қалдық көлемінің төмендеуіне алып келді. Салдарынан қоқыстан энергия өндіретін зауыттар шикізатсыз қалды. Бүгінде ел аумағында 1000-нан аса осындай зауыт бар. Олар бар-жоғы 60% жүктемемен жұмыс істеп тұр. Бұл инвесторлардың зауыттарды күтіп ұстауға, шикізат тартуға жұмсалатын шығындарын арттырып отыр. Енді өндіріс орындары ескі полигондарға көшірілуі мүмкін. Қазір бұрынғы көмілген қоқыстарды қайта қазып, алып шикізат ретінде пайдалану жағы қарастырылып жатыр.
Ван Чонг, қоқыстарды өртеу зауытының операторы:
- Бұл жобаның экологиялық маңызы орасан. Оны қолдауды
жалғастыру қажет. Мәселен, біздің жоба тәулігіне кемінде 5 мың тонна қалдық өртеуге қауқарлы. Одан электр қуаты және жылу өндіріледі. Зауыттың мүмкіндігі 100 мың тұрғын үйді күнделікті жарықпен қамтамасыз етуге жетеді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл Қытай үкіметінің «Тазалық саясатының» күтпеген салдары. Мұның бәрі кезінде экология, одан бөлек, полигондарға түсетін жүктемені азайтып, жер тапшылығын жоюға бағытталған жобалар. Зауыттарды көп ашуға ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау да көрсетіліп келді. Қазір Қытай билігі туындаған мәселені мойындап, күл-қоқыстарды игерудің тың тәсілін іздестіріп жатыр. Жаңа саясат жуық арада қабылданады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын