Үндістанда 1,5 млн тонна техника жарамсыз қалады

2050 жылға қарай адамзат жыл сайын 3,5 миллиард тонна тұрмыстық қалдық шығаратын болады. Қазір тек 20 пайыздан аз көлемде қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға түсіп, іріп-шіріп жатыр. Жалпы осы қоқыс мәселесін қалай шешуге болады? Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Үндістан электронды қалдықтарды шығару бойынша әлемде үшінші орында. Елде жыл сайын шамамен 1,5 миллион тонна электроника қоқыс полигондарына жіберіледі. Осыған байланысты, ел астанасында электронды қалдықтарды қайта өңдеуге арналған алғашқы экологиялық парк салынып жатыр. Зауыт жылына 50 мың тонна техниканы қайта өңдей алады.

 Жапонияда қалдықтарды өңдейтін орталық жұмыс істейді

 Жапонияның Камикацу қаласында “Zero Waste” қоқыс өңдеу орталығы жұмыс істейді. Мұнда қалдықтар 45 түрлі санатқа бөлініп, сұрыпталады. Жоба нәтижесінде соңғы тоғыз жылда қаладағы  қайта өңдеу көрсеткіші 80 пайызға жеткен. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен төрт есеге жоғары. Орталық жанында қайта өңделген бұйымдарды сататын дүкен ашылған. Сондай-ақ тұрғындарға қалдықты сұрыптау мәдениетін үйрету мақсатында семинарлар ұйымдастырылады. Жоба Жапонияда  ғана емес, шетелде де кеңінен мойындалған.

 Қытайда ескі техниканы тиімді бағаға жаңартады

 Қытайда ескі техниканы жаңасына тиімді бағамен ауыстыруға мүмкіндік беретін Trade-In бағдарламасы іске қосылды. Биылдың өзінде 25 миллионнан астам тұрғын осы бастаманы пайдалану арқылы жаңа техника сатып алды. Жоба аясында автокөлік, планшет, смарт-сағат сияқты түрлі құрылғыларды жаңасына ауыстыруға болады. Жыл басынан бері бағдарлама ритейл саласына 153 миллиард доллар табыс әкелген. Бағдарлама зиянды шығарындыларды төмендетіп, электр қуатын тұтынуды шектейді. Себебі ескі құрылғылар жаңа заманауи үлгілерге қарағанда электр қуатын екі есеге көп пайдаланады.

Авторы: Динара Орынтай