Еуропада жаңа буын әуе жүйесі құрылады
Франция, Германия және Испания жаңа буын әуе қорғаныс жүйесін бірлесіп дамытуға кірісті. Үш елдің қатысуымен іске асатын ауқымды жобаның құны шамамен 100 млрд еуроға бағаланып отыр. Бағдарлама жаңа жойғыш ұшақтарды, дрондарды және “combat cloud” деп аталатын цифрлық желіні қамтиды. Бұл жүйе әуе, жер, теңіз және кибер кеңістікті бір арнаға тоғыстырып, біртұтас қорғаныс жүйесін құруды көздейді.
Future Combat Air System деп аталатын ауқымды жоба алдағы уақытта Францияның Rafale және Германия мен Испания пайдаланатын Eurofighter Typhoon секілді әскери ұшақтарды алмастырады. Жаңа кешен әскери авиацияны жаңғыртып қана қоймай, үш мемлекет арасындағы деректер алмасуды жеделдетіп, көпсалалы әскери операцияларды үйлестіру мүмкіндігін арттырмақ. Ең басты артықшылығы – бұл жүйе тек жаңа ұшақ емес, толыққанды әскери кешен. Оған пилотсыз дрондар, жасанды зердеге негізделген басқару жүйелері және combat cloud технологиясы кіреді.
Мануель Эскаланте, қорғаныс және қауіпсіздік саласының сарапшысы:
- Combat cloud арқылы әуе, жер, теңіз және кибер кеңістіктегі барлық күштер біртұтас желіде әрекет ете алады. Бұл жауынгерлік жағдайда жылдам шешім қабылдауды жеңілдетіп, операциялардың тиімділігін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтереді. Жүйе сондай-ақ қарсыластың байланыс арналарын бұғаттап, жасанды интеллект көмегімен қауіп-қатерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар Еуропаның әскери тарихында алғаш рет қолданылмақ.
Алайда бағдарламаның саяси қыры да назардан тыс қалған жоқ. Франция жобадағы жетекші рөлін күшейтуге ұмтылып, үлестің басым бөлігін өзіне алуды қалайды. Бұл ұсыныс Германия мен Испанияда алаңдаушылық туғызып, келіссөздерді күрделендіріп отыр. Қазан айында өтетін қорғаныс министрлерінің кездесуі тараптар арасындағы келіспеушіліктерді шешудің маңызды кезеңі болмақ.
Анхель Эскрибано, әскери және авиациялық жобалар бойынша жетекші:
- Қазіргі геосаяси жағдайларда, әсіресе Еуропаның қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту үшін, үш елдің күш біріктіруі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Бірлескен жобалар тек әскери мүмкіндікті арттырып қана қоймай, серіктес елдер арасындағы сенімді нығайтып, стратегиялық тәуелсіздікке жол ашады. Ал осындай ынтымақтастықтың арқасында Еуропа халықаралық аренадағы өз рөлін күшейте алады.
Future Combat Air System жаңа ұшақтар мен технология ғана емес, Еуропаның болашақ әскери стратегиясын анықтайтын сынақ болмақ. 100 млрд еуро инвестиция тек қымбат құрылғыға емес, соғысты басқару тәсілін түбегейлі өзгерте алатын шешімдерге жұмсалмақ. Жоба сәтті жүзеге асса, Франция, Германия және Испания бірігіп тек өз қорғанысын күшейтіп қана қоймай, АҚШ пен НАТО технологиясына тәуелсіз, дербес шешім қабылдай алатын күшке айналмақ.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач