Әлемде цифрлық әуестік күшейіп барады
Иә, қазір екінің бірі смартфон ұстайды. Ал шынында, мұның қоғам үшін пайдасы бар болғанмен, қаупі де орасан.
Оның адамның мінез-құлқына әсерін жер-жаһандағы ғалымдар айтуын айтып жатыр. Алайда, телефонның кері әсері ең алдымен балаға тиюде. Енді қайтпек керек?
Италиялықтар жатар алдында, тіпті таңда көзін аша сала, смартфонын ақтара жөнеледі. Елдегі кейінгі зерттеу осыны айғақтап отыр. Олар телефонын сағатына 80 рет тексереді. Бұл күніне 1200 рет экранға көз жүгіртеді деген сөз. Соның кесірінен италиялық отбасыларда ұрыс-керіс көбейген.
Nicolettaboldrini.com парақшасында жарияланған зерттеу қорытындысы:
- Деректерге сүйенсек, Италияда тұрғындардың ұялы телефонға тәуелділігі қоғамдық орындарда, тіпті кез келген жерде дау-дамай көбейгенін көрсетті. Құрылғыға құмар адамдардың ұрыс-керіске бейім болуынан Италия Еуропадағы ең дөрекі ел деген атаққа қалды.
Бұрын «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деуші еді. Қазір бәрі керісінше. Бұған Батыс ғалымдары жүргізген зерттеу дәлел. Алтын уақытын смартфонға жұмсаған ана баласымен қарым-қатынас орнатуын 16 пайызға азайтады. Ал смартфонға 1-2 минут қараса сәби тілінің кеш шығуына әсер етеді, - дейді ғалымдар.
Кей Де Барбара, Техас университетінің ғылыми қызметкері:
- Зерттеу нәтижесі бойынша аналар тәулігіне 4-5 сағат ұялы телефонға телміріп отыратынын көрсетті. Бұл балаға дұрыс көңіл бөлінбейді деген сөз. Жас аналардың бос уақытын сәбиіне арнап, салауатты қоғам, сау ұрпақ қалыптасатыны анық.
Әлемде кәмелет жасына толмаған 2 млрд бала болса, соның көбі смартфонды тұрақты қолданады екен. Кейінгі зерттеулерге қарағанда, балалар арасында телефонға тәуелділік көбейіп барады. Осыны ескерген біраз ел мектептерде осы бастан тыйым салып жатыр. Солардың бірі - Чили.
Фелипе Алессандри, Ло-Барнечеа округінің мэрі:
- Пандемия кезінде оқушылар сабақты онлайн оқыды. Содан балалар телефонға телміріп, смартфонды серік қылып алды. Ал цифрлық әуестік әуелі ойлау қабілетін зақымдайды. Балалар сабақта алаңдап отырады. Бұл олардың оқу үлгеріміне әсер етеді. Сондықтан, мектепте жүргенде құрылғыны қолдануға болмайды.
Бірақ бұл мәселенің басқа да қыры бар. Көп елде мектепте смартфонға шектеу қоюға ата-ананың өзі қарсы екен. Әлеуметтанушылардың дерегі бойынша, ересектердің 54 пайызы құрылғыға толықтай тыйым салуды қолдамайды. Бұл түсінікті де. Өйткені баласының қайда жүргеніне алаңдайды.
Каролина Перес, педагог:
- Бұл құрылғылар тәуелділік тудыратындай жасалған. Цифрлық әуестік балада тез дамиды. Сондықтан оның әлеуметтік желіде қанша уақыт өткізгені емес, қанша жасынан бастағаны маңызды. Кейінгі ғылыми зерттеулер 16 жастан бастап қолданғаны абзал екенін көрсетті.
«Бұрын адамзат телефонсыз өмір сүрді. Бұл смартфоннан бас тарту керек деген сөз емес. Бастысы қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру қажет. Яғни оны сағаттап емес, орнымен қолданған жөн», - дейді сарапшылар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт