ЕО Израильге қысымын күшейтеді

Еуроодақ Израильге қарсы жаңадан санкциялар салуға ниетті. Ұйым екіжақты саудадағы бірқатар жеңілдіктерді уақытша тоқтатып, Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотричке шектеулер енгізеді. Мұндай шаралар ХАМАС жетекшілеріне де қолданылады. 

Бірақ шектеуді одақ елдерінің бәрі бірдей қолдаған жоқ. Германия мен Италия санкцияға қарсы. Еуроодақ - Израильдің ең ірі сауда серіктесі. Былтыр еврей елінің сыртқы сауда айналымының 32%-ы Еуропаның үлесінде. Егер қарт құрлық сауда жеңілдіктерін тоқтатса Израиль жылына қосымша 227 миллион еуро көлемінде кедендік баж төлеуге мәжбүр болады. Еуропа Израильге тежеу шараларын бұған дейін де қолданған еді. Бұл жолғысы алғашқы толыққанды санкция болмақ.

Кая Каллас, Еуроодақтың сыртқы саясат комиссары:

- Басты мақсат Израильді жазалау емес. Біз Газадағы гуманитарлық ахуалдың жақсарғанын қалаймыз. Барлық мүше мемлекеттер жағдайдың ушығып бара жатқанын мойындап отыр. Сондықтан соғысты тоқтатуымыз керек. Бұл нәтижеге жету үшін қолда бар құралдарды қолданамыз.