БҰҰ әлемдегі әскери шығынның өсуіне алаңдаулы

Қазір әскер адам санымен ғана емес, бес қаруының сай келуі де айырықша маңызға ие. Осы көрсеткіштерді ескеріп, танымал Global Firepower порталы әлемдегі ең қуатты әскерге ие елдердің тізімін жариялады.

 Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Әлемдегі ең қуатты әскердің иесі – АҚШ. Мұны жаһандық Global Firepower рейтингісі айғақтап отыр. Құрама Штаттарында әскер сабында 1 млн 300 мың жауынгер бар. Сондай-ақ 800 мың сарбаздан тұратын резервке ие. Америка әскерінің ең мықты тұсы бұл әуе күштері. Қазір паркінде 13 мыңнан аса әскери ұшақ бар. Сондай-ақ 4500 танк пен 400 мыңға жуық оқ өтпейтін техникамен қамтылған. Ұшақ таситын және сүңгуір кемелердің саны 400-ден асады. АҚШ қорғанысқа 997 млрд доллар жұмсайды. Бұл әлемдік рекорд.

***

Ресей ең ірі ядролық арсеналға ие

Құрама Штаттардың ізінше Ресей тұр. Әскерінде 1 млн 300 мың сарбаз қызмет етеді. Тағы 2 млн адам резервке алынған. Бес қаруы да сайланған. 4000 әскери ұшақ, 5 мыңнан аса танк және 130 мыңнан аса оқ дарымайтын техникамен жабдықталған. Президент Владимир Путиннің айтуына қарағанда, солтүстіктегі көршіміз қорғанысқа 160 млрд доллар бөледі. Бұл елдегі Жалпы ішкі өнімнің 6,3%-іне тең. Қаржыландыру бойынша АҚШ-тан артта қалып отыр. Десе де, Ресей әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие. Қазір елдің қорында 5500 атомдық оқ-тұмсық сақтаулы.

***

Франция Жапонияны ығыстырды

Тізімдегі алғашқы он ел өзгерсіз қалды. Тек 7-орында тұрған Жапонияны Франция басып озды. Бесінші Республика әскери бюджетін ұлғайтып, қарулы күштерін жаңғыртқан. Соның ішінде әуе қорғаныс жүйесін күшейтті. Париж НАТО операцияларына жиі атсалысады. Ал, Күншығыс елі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбіт бағыт ұстанады. Мұны өз Конституциясында бекіткен. Тіпті әскер ұстауға болмайды деген бап та бар. Тек өз-өзін қорғау күштері ғана жасақталған. Сондықтан жаһандық әскери операцияларға қатыса алмайды.

***

Әлемдік әскери рейтинг

Әлемдік әскери рейтингтің үштігін Қытай сабақтайды. Ізінше Үндістан, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания тұр. Ондықты Түркия мен Италия аяқтайды. Қазақстан 57 орынды иеленді. Орталық Азия елдерінің ішінен көш бастап тұр. Тізімді құруда ел әскері 60 көрсеткіш бойынша бағаланады. Яғни, ядролық қару қоры, технологиялық, киберқауіпсіздік секілді мүмкіндіктері ескеріледі. «Қазір қауіпсіздік тек әскер санымен емес, технолгиялық жетістіктерімен өлшенетін заман туды», - дейді әскери сарапшылар. Ал, халықаралық қауымдастық әлемдегі әскери шығынның өсуіне алаңдаулы. БҰҰ Бас хатшысы: «Бұлай жалғаса берсе, Жер бетінде бейбітшілік емес, қару үстемдік орнатады», - дейді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт