ЖИ сауда-саттық көлемін арттыруға ықпал етеді

Былтыр әлемдік сауда көлемі 33 трлн долларға жетті. 2023 жылмен салыстырғанда 3,7% - ке өскен.

Осылайша елдер арасындағы алыс-беріс бұрын-соңды болмаған рекордтық нәтиже көрсетті. Мұндай көрсеткішке алдымен қызметтер саудасының арқасында қол жеткен.   Ал халықаралық сарапшылар жаһандық геосаяси шиеленістер мен сауда қақтығыстарының күшею қаупін еске салып, дабыл қағуда. Сонымен биыл не өзгерді? Әлемдік саудадағы ахуал қандай?

Сарапшылардың уайымы орынды. Биыл әлемдік экономика күтпеген жағдайларға тап болды. Соңғы 80 жыл бойы көптеген мемлекет сүйенген жаһандық жүйе толығымен өзгерді. Жыл басында АҚШ күллі әлемге тарфитерді енгізіп, жұртты бір дүрліктірді. Сөйтіп үйреншікті ережелер өзектілігін жоғалтты. Десе де Дүниежүзілік сауда ұйымының өкілдері тығырықтан шығар жол бар дейді. 

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында әлемдік сауда көлемі 300 миллиард долларға өсті. Солтүстік Америкада импорттың ең жоғары тоқсандық өсімі байқалады - 13,4%. Африкада импорт 5,1% — ға ұлғайды. Оңтүстік және Орталық Америкада — 3,6% — ға артты, Таяу Шығыста — 3% - ға, Еуропада-1,3% - ға, Азияда-1,1% - ға өсті.

Нгози Оконджо-Ивеала, ДСҰ бас директоры:

- Сауда жүйесі бірақ өзгеріске ұшырағанымен, түпкілікті жойылған жоқ. Әрине, біржақты тарифтік шаралар айтарлықтай әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда ДСҰ-ның негізгі ережелері әлі де бар. Сауда саласында хаос орын алды деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Әлемдік тауар саудасының шамамен 72% - ы ДСҰ-ның негізгі тарифтері, барынша қолайлы режим негізінде жүзеге асырылады.

Сарапшылар әлемдік сауданы ілгерілету үшін жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалану қажет деп отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының баяндамасында айтылғандай, 2040 жылға қарай жасанды интеллект тауарлар мен қызметтер экспортын айтарлықтай арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Марк Бачетта, ДСҰ аға экономисі:

- Жасанды интеллект бірнеше негізгі бағыт бойынша халықаралық саудаға байланысты шығындарды азайтады. Тілдік кедергілерді жою, тауарларды жеткізуді тездетіп, келісімшарттардың орындалуын бақылауды күшейтеді.

Алдағы 15 жылда ЖИ көмегімен әлемдік сауда-саттық көлемі шамамен 37% - ке көбеюі мүмкін. Ал ЖІӨ 12-13%-ке ұлғаяды деген болжам бар. Бұл үшін цифрлық инфрақұрылымды жақсартып, экономикасы төмен елдерде жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізу маңызды.