Әлемдегі ең ірі теміржол хабтары қайда орналасқан?
Дүниежүзіндегі ең ірі теміржол хабтары - жолаушылар мен жүк тасымалының маңызды тораптары. Олар тәулігіне миллиондаған адам мен вагондарды қабылдап, ұлттық және халықаралық логистиканың тұрақтылығы мен дамуына ықпал етеді.
Әлемдегі ең ірі теміржол тораптары қай қалаларда орналасқан? Олардың ауқымы мен мүмкіндіктері қандай?
Чикаго – Америка Құрама Штаттарының ең ірі теміржол торабы. Күніне 1300-ден астам пойыз өтетін бұл қалада тәулігіне 140 000 жолаушы тасымалданады. Жалпы теміржол жолдарының саны – 54. Елдегі ең ірі жүк сұрыптау операторы Belt Railway of Chicago тәулігіне 8 000-нан астам вагонды өңдеп, әртүрлі бағыттарға қайта жібереді. Соңғы уақытта сұрыптау бекеттеріндегі жүк өңдеу жылдамдығы 25%-ға артқан. Жергілікті билік бұл өзгерістер көлік кептелістерін азайтып, ұлттық логистикалық жүйенің сенімділігін арттырады деп отыр.
Ресей теміржол жүйесі әлемдегі ең ұзын желілердің бірі. Мәскеудегі теміржолдың жалпы ұзындығы 122 000 шақырымға жетеді. Ел астанасындағы ірі Ленинградский және Казанский вокзалдарында жүк және жолаушы ағынын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Транссібір магистралінің басты торабы Мәскеу тәулігіне мыңдаған пойызды қабылдап, бағыттап отырады. 2023 жылы бұл жолдар арқылы 619 млн тонна жүк тасымалданған. Мәскеудің стратегиялық орналасуы құрлықаралық транзит үшін Еуропа мен Азия арасындағы тасымалды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Токио – Жапонияның теміржол торабы, ол ел ішіндегі жоғары жылдамдықты пойыздардың негізгі бағыттарын біріктіреді. Жүйе негізінен жолаушыларға бағытталған, сондықтан жүк тасымалына қарағанда, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі басты назарда. Әлемдегі ең көп жолаушы өтетін теміржол станциясы – Токио қаласындағы Синдзюку. Күніне шамамен 3 млн адам өтетін бұл станция Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жапон теміржолы үнемі жаңартылып отырады және заманауи технологияларды енгізу арқылы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып келеді.
Париждегі Гар Дю Нор – Еуропаның басты теміржол хабтарының бірі. Жыл басынан бері вокзал арқылы өткен жолаушылар саны 210 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға өскен. Француз теміржол компаниясының мәліметі бойынша, Гар Дю Нор халықаралық, ұлттық және аймақтық пойыздардың негізгі торабына айналған. Мұнда Трэйн Э Гран Витесс, Thalys, Eurostar және Резо Экспресс Риджионал пойыздары қатар жұмыс істейді. Вокзал Лондон, Амстердам және Брюссель секілді ірі еуропалық қалалармен күн сайын бірнеше рейс арқылы байланысады. Сарапшылар Париждің бұл хабы алдағы уақытта Еуропадағы ең ірі логистикалық тораптардың біріне айналуы мүмкін деп болжайды.
New Delhi Railway Station теміржол торабы қыркүйек айында жолаушылар тасымалы бойынша рекорд орнатты. Үндістан теміржол министрлігінің мәліметі бойынша, бір ай ішінде вокзал арқылы 12 млн-нан астам жолаушы өткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға көп. Күніне 400 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін Нью-Дели вокзалы – ел ішіндегі және алыс бағыттағы пойыздардың басты торабына айналған. Мұнда күн сайын 300-ден астам рейс қатынайды. Станция арқылы Rajdhani Express, Shatabdi Express және Vande Bharat Express сияқты жылдамдығы жоғары пойыздар өтеді. Қазір жалпы құны 680 млн доллар болатын инфрақұрылымды жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Үкімет вокзалдағы жылдық жолаушылар санын 150 млн-ға дейін арттыруды мақсат етіп отыр.