Қытайдағы қазақстандық студенттер «Қайратқа» қолдау көрсетеді. Live
Қытайда оқып жүрген қазақстандық студенттер де Қайрат футбол клубына қолдау көрсетеді.
Олар матчты онлайн тамашалау үшін Бейжіңдегі футбол трансляцияланатын ең танымал алаңға жиналды. Жастар көк байрақты көтеріп, ұрандатып отандық ойыншыларға жанкүйер болуға дайындалып жатыр.
Бейжіңде қазір сағат 00:00. Соған қарамастан студенттер көп жиналған. Тура бір Қазақстанда жүргендей сезінесің. Әлемнің атақты клубы «Реал Мадридке» қарсы ойынды мұндағылар тағатсыздана күтіп отыр.
Тарихи матчты тамашалау үшін кейбір студенттер 3 сағат бұрын келіп алған. Олар қазірден қолдарына еліміздің көк байрағын ұстап, әндетіп, ұрандатып жүр. Жүздерінен мақтаныш сезімі айқын көрінеді. Бірі шапан жамылып келсе, енді бірі «Қайраттың» түстеріне сай киім киіп нағыз стадиондағыдай атмосфера қалыптастырып отыр. Осы арқылы отандық клубқа жанкүйерлік етіп дем беруді ұйғарған. Іс-шараны Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығы ұйымдастырды. Мұнда онға жуық университеттен студенттер жиналды. Солардың бірі Бейжің тіл және мәдениет университетінің 4 курс студенті - Олжас Тілек. Қазір менің жанымда.
Айта кетейік, бүгінде Қытайда 5 мыңға тарта қазақстандық студент білім алып жүр. Олардың дені Бейжің, Гуанчжоу, Шанхай, Сиань, сияқты ірі қалалардағы жоғары оқу орындарында оқиды. Бүгінгі басқосу сол жастардың бірлігін, отандық футболға деген ыстық ықыласын тағы бір дәлелдеп отырғандай. Көптен күткен матч саналуы минуттардан кейін басталады. Бірге жанкүйер болайық.