Қай елдің халқы ұзақ өмір сүреді?

Ұзақ өмір – бір жағынан медицина мен тұрмыс сапасының жетістігі. Қазір ғалымдар қартаймаудың амалын іздеп, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ал кей елдер қарттарға жайлы өмір сыйлаудың тың жолдарын қарастырады. Қай елдің халқы ұзақ өмір сүреді? Егде жастағыларға қандай жағдай жасалған?

Нұрбике Жігер, тілші:

- Әлемде қарттар саны күннен күнге артып келеді. Бұл демографиялық үрдіс, әсіресе, дамыған елдерде анық байқалады.

Мысалы, Жапонияда 65 жастан асқан тұрғындар ел халқының 30%-тен астамын құрайды. Германияда бұл көрсеткіш 21%-ке жетсе, Қытайда егде жастағы азаматтар саны 300 миллионнан асып, жалпы халықтың 20%-ін қамтып отыр. Ал Үндістанда 140 миллион адам 65 жасты еңсерген, бұл – ел халқының шамамен 10%-і.

Қызығы, ұзақ жасайтындар қатарында әйелдер басым. Мәселен, Германияда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 83 жас, бұл ер адамдарға қарағанда шамамен бес жылға артық. Ұзақ ғұмыр иелерінің арасында Түркияда кезінде Ататүріктен бастап қазіргі президент Ердоғанға дейінгі кезеңге куә болған 127 жастағы кейуана жақында ғана өмірден озды.

Цитата: Макс Планк, Қоғамының Кёльн қаласындағы Қартаю биологиясы институтының мамандары:

- Адам өмірінің табиғи шегі – 120 жас және адам ағзасы бұдан ұзақ өмір сүруге қабілетті емес. Ұзақ жасайтын адамдар санының артуына өмір сүру жағдайының жақсаруы, халықтың әл-ауқатының артуы мен медицинаның дамуы себеп.

Бұл бағытта көптеген ел үкіметтері қарттарға арналған медициналық және әлеуметтік қызметтерді кеңейтуді қолға алған. Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатында Еуропа елдері зейнетақы жүйесін реформалап, арнайы клубтар мен әлеуметтік орталықтар ашып жатыр. Германия мен Италияда қарттар үшін арнайы орталықтар егде жастағылардың жаңа өмір тынысы десек болады.

Дегенмен, адам шіркін қартайғысы келмейді. Кей елдерде кәрілігін жасырып, жас қалпын сақтауға тырысатындар бар. Ғалымдар да осыған еңбектеніп жатыр. Мәселен, Қытай ғалымдары иммундық жүйені нығайтып, қартаю жасушаларын жоятын арнайы препарат ойлап тапты. Алғашқы сынақтар нәтижесінде қатысушылардың терісі мен шашының жағдайы жақсарып, адамды шамамен жеті жылға жасартуға мүмкіндік туған.

Ал Оңтүстік Кореяда жалғызбасты аталар мен әжелердің серігі – роботтар. Иә, кәдімгі жасанды интеллектке негізделген робот қуыршақтар. Олар иелеріне уақытылы ас-суын ішіп, дәрісін қабылдауын ескертеді, тіпті әңгіме дүкен құрып, жалғыздықтан арылуға көмектеседі.

Ал Күншығыс елінде 60 жастан асқан әжелерді жалға алу қызметі бар. Сағатына 20 АҚШ долларын төлесеңіз, келіп тамақ дайындап береді, балаңызға қарайды, үй шаруасына көмектеседі, тіпті отбасындағы кикілжіңге де араласып, ара түседі, ақыл-кеңесін айтады. Адам қартайса да, көңілді қартайтпаудың жолы көп қазір.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Ғалымжан Абдулахат