Әлемде ұнға сұраныс артты
Экономикалық зерттеулер институтының дерегі бойынша, әр қазақстандық жылына шамамен 133 келі ұн тұтынады.
Грузияда адам басына 127 келіден, ал Грецияда 77 келіден келеді. Әлемдегі ұнға сұраныстың артуы елдердің экспортқа қызығушылығын арттырып отыр.
Халық санының өсуі, урбанизация және жаһандану - ұнға сұранысты күшейтетін негізгі факторлар. БҰҰ мен FAO деректері соңғы жылдары ұнға деген сұраныс үздіксіз өсіп отырғанын көрсетеді. Global Product Prices есебі бойынша, бүгінде бөлшек саудада бір келі ұнның бағасы шамамен 3 долларға дейін барады. Әлем бойынша ұнды ең қымбат бағаға сататын елдердің бестігін АҚШ бастап тұр, шамамен 1738 теңге. Одан кейін Швейцария, ал үшінші орында - Гонконг. Сарапшылар алдағы жылдары сұраныс арта түседі деп болжап отыр. Ал экспорт бойынша Түркия, Германия, Өзбекстан, Қазақстан және Мысыр алда. Былтыр бұл елдер халықаралық нарықтағы жалпы ұн сатылымының 37,3% үлесін қамтамасыз етті.
Гюнхан Улусой, Халықаралық иірменшілер қауымдастығы (ІАОМ) Еуразия аймағының төрағасы:
- Бүгінде экспортталатын әрбір төртінші қап ұн Түркиядан шығады. 2005 жылы 1,9 млн тонна экспорттаған Түркия 2024 жылды 3 млн тоннамен жапты. Біз 11 жыл бойы әлемдік ұн экспортындағы көшбасшы орнын сақтап келеміз. Жалпы елдің өндірістік қуаты үлкен, алайда әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз.
Жаһандағы ұнға сұраныстың артуы батыстық тамақтану үлгісінің таралуымен байланысты. Азия елдері үйреншікті күріштің орнына макарон, спагетти сынды ұн өнімдерін жиі тұтына бастады. Ұн сұранысын болашақта Африка елдері жабуы мүмкін. Сарапшылардың пікірі бойынша, Африка әлемдік ұн саудасының негізгі драйверіне айналмақ. Құрлықта 5870 өнеркәсіптік зауыт жұмыс істейді, жылдық өсім қарқыны – 2,3%.
Фабиен Вараньяк, ұн өндірісі саласының сарапшысы:
- Сахараның оңтүстігіндегі елдерде импорт 2024-25 жылдары сәл төмендегенімен, бұл көрсеткіш соңғы бес жылдық орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Соңғы 10 жылда Африкадағы бидай тұтыну 30%-ға артты. Ұн түрлері әртараптанып жатыр, тұтынушылардың талғамы өсіп келеді. Ал диірмен өндірісіне жаңа инвестициялар тартылып жатыр.
Бүгінде ұн нарығының қарқынды дамуына климаттық өзгерістер де әсер етуде. Тасымал құнының қымбаттауы да ұн бағасына ықпал етуде. Мамандар халықаралық нарықта Қазақстанның салмағын одан әрі арттыру үшін өндірісті әртараптандыру мен логистиканы күшейту қажеттігін айтады. Жақында Қостанайдан Нью-Йоркке жеткен алғашқы 50 тонна ұн - осы бағыттағы алғашқы қадам. Отандық өнімнің мұхит асуы - экономикалық қана емес, имидждік мәнге де ие.
1 келі ұнның бағасы:
АҚШ - $3.62 – 1738 теңге
Швейцария - $3.14 – 1507 теңге
Гонконг- $3.07 – 1474 теңге
Гана - $2.66 – 1277 теңге
Пуэрто-Рико - $2.49 – 1195 теңге
Дереккөз: globalproductprices.com
2. Ұнды ең көп экспорттайтын елдер:
(2024 жыл бойынша)
1. Түркия – $1,2 млрд
2. Германия – $559 млн
3. Өзбекстан - $513 млн
4. Қазақстан - $507 млн
5. Мысыр - $454 млн
Дереккөз: worldstopexports.com