Әлемде жұмысшы мамандар тапшы

Қазір әлемнің бірқатар елі жұмысшы мамандарға зәру. Жасанды интеллекттің дамуымен біраз сала автоматтандыруға ауысқанымен, жасыл экономикаға көшу барысында жұмысшыларға сұраныс бәрібір жоғары, деп хабарлайды 24kz.

Тіпті біраз ел шетелден жұмысшы тартып, арнайы виза беру жағын ойластырып қойған. Сонымен әлем елдерінде қандай жұмысшы мамандар жетіспейді?

Фариза Жанғанаева, тілші:

- АҚШ-та қоғам қартайған сайын жұмыс күші азайып барады. Алдағы 5 жылда елдегі өндірістік компанияларда білікті жұмыс күшіне деген сұранысты өтеу үшін қосымша 2,1 миллион қызметкер қажет болады. Электрик, сантехник, дәнекерлеуші сынды мамандар АҚШ экономикасына қазір ауадай қажет. Өйткені мұндай мамандықтар автоматтандыруға оңай көнбейді. Әрі машиналар орындай алмайтын білім мен білікті қажет етеді. Cондай-ақ жасыл энергетика саласындағы серпіліс әсерінен жұмысшы мамандарға сұраныс екі есе артып отыр. Әрі робототехника мен интеллектуалды жүйелер сияқты технологиялардың дамуы жаңа мамандықтарды қалыптастырады. Алдағы 3 жыл ішінде 345 000 жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондай-ақ жұмысшыларға қажет дағдылар қайта қаралып, жоғары оқу орнындағы кәсіби мамандықтарға басымдық берілмек.

Ал, Австралия жұмысшы мамандарды шет елдерден тартуға кірісті. Биыл ел үкіметі елде ең тапшы деген мамандықтар тізімін жариялады. Онда 450-ден астам мамандық қамтылған. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына медбикелер қажет. Сондай-ақ құрылысшы, дәнекерлеуші, металл жонушы, сантехник, құбыр жүргізуші, тас қалаушы, сынды мамандар жетіспейді. Тек Австралия емес, Ұлыбритания, Германия, Швеция, Жаңа Зеландияда жұмысшы маман тапшылығы өткір тұр. Өйткені кейінгі жылдары жұмыс беруші компаниялардың ғаламторда бос жұмыс орындарын жариялауы жиіліп кеткен. Онда шетелдік жұмысшыларға жоғары жалақы ұсынып, жағдайын толыққанды қамтамасыз ету жағы қарастырылған.

Жұмысшы еңбегін ескерусіз қалдыруға болмас. Өйткені мұндай мамандықтардың дені әлемде ең қауіпті салаларды қамтиды. Басын қатерге тігіп, өмірі үшін де, қызметі үшін де жауапкершілік алады. Алайда, кей елдерде жұмысшылардың жалақысы мардымсыз. Мәселен, Уганда, Грузия, Куба, Бангладеш, Танзания, Гамбия, Венесуэла сынды елдерде жұмысшы мамандардың құқығы қорғалмайды. Угандадағы жыл сайынғы жалақының мөлшері орташа есеппен 22 АҚШ доллары. Бұл теңгемен небары 12 мыңдай. Сонда айына әр жұмысшының қолына 900 теңгеден тиеді. Алайда, бұл ел дамушы елдердің қатарында. Халық саны 37 миллионнан асады. Ал, Бангладеште тоқыма өнеркәсібіндегі жұмысшының айлық табысы 68 доллар. Бұл теңгемен 37 мыңдай.

Авторы: Фариза Жанғанаева