Ыстамбұлда жер сілкінді
Ыстамбұлда бүгін жергілікті уақытпен сағат 15:00 шамасында жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Түркияның Төтенше жағдайлар және апаттарды басқару агенттігі келтірген мәліметке қарағанда, зілзала бірнеше секундқа ғана созылған.
Апаттың магнитудасы 5, ал тереңдігі шамамен 7 шақырымға жеткен. Дүмпудің ошағы Мәрмәр теңізінің Эреглиси маңында тіркелген. Сондай-ақ Чанаккале, Эдирне, Текирдаг, Кыркларели және Балыкесир аймақтарында да сезілген. Ыстамбұл губернаторы Давут Гүлдің айтуынша, шаһарда әзірге зардап шеккендер мен қираған ғимараттар жайында ақпарат жоқ. Жедел қызмет өкілдері тексеруді бастап кетті.