Құрама Штаттар шатдаун құрсауында қалып отыр

АҚШ-тағы шатдаунның бүгін алтыншы күні.

Елде құжат беру, әлеуметтік төлем, экологиялық бақылау сияқты қызметтер уақытша істемейді. Саябақтар, музейлер мен театрлардың тек бірен-сараны ашық. Әуежайларда ішкі және сыртқы рейстердің уақытынан кешігуі байқалады. Бұл туристерге де әсер етуі мүмкін.

Енді АҚШ-та жаңа бюджет қабылданғанша, кей мемлекеттік мекемелерге қаржы жұмсауға шектеу енгізілді. Осыған байланысты олар қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Дәрігерлер, шекарашылар, әскерилер, көлік қызметкерлері және басқа да маңызды мекемелер жұмыс істей береді. Бірақ оларға жалақы төленбейді. Жалпы АҚШ тарихында 21 мәрте шатдаун болған. Соның ең ұзағы 2018-2019 жылдары Трамп билік еткен тұста болды. Бақандай 35 күнге созылды. Сол кезде 800 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер жалақысыз қалды. Ақысыз демалысқа шыққан шенеуніктер азық-түлік көмегін алуға мәжбүр болса, ақысыз істегендері денсаулығына байланысты демалысқа шығуды жиілеткен. Ұлттық парктер, музейлер, әуежайлар жұмысын тоқтатты. Сөйтіп ел экономикасына 3 млрд доллар шығын келген. 

АҚШ

Мэтью Уилсон, саясаттанушы:

- Конгресс өзінің негізгі міндетін - ұзақ мерзімді қаржыландыру туралы қарарларды қабылдауды орындауға қабілетсіз болып шықты. Сондықтан үкіметтің ашық болуын қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімді қарарлар кестесіне жүгінуге мәжбүрміз. Ал елдегі саяси жүйе мәселені уақытылы шешуді қиындатады. Сондықтан бізде осындай дағдарысты жағдай жиі қайталанады. 

Әуежай жұмысында іркіліс бар   

Үкіметтің қызметі тоқтауы салдарынан АҚШ көлік қауіпсіздігі басқармасының 60 мың қызметкері мен 13 мыңнан астам диспетчер еңбекақыдан қағылды. Салдарынан әуежай қызметінде көп қиындықтар туындау қаупі бар. Қазірдің өзінде ішкі және сыртқы рейстердің уақытынан кешігуі байқалады. Бұлай жалғаса берсе бақылау пункттері жабылып, жолаушылар тығыраққа тірелуі мүмкін. Бұл халықаралық әуе тасымыланың жұмысына да кері әсерін тигізеді. Жалпы АҚШ әуежайы күніне 45 мың, жылына 10 миллион рейсті қабылдайды. Жыл сайын 16 миллионнон астам жолаушы қатынайды. АҚШ Туризм Қауымдастығы шатдауннан экономикаға аптасына 1 миллиард доллар шығын келеді дейді. 

Кен Солтис, жолаушы:

- Жеке өзім үкіметтің жұмысын тоқтатқанына көңілім толмайды. Зардабын халық тартады. Қазір қайта мереке кезі емес. Әйтпесе әуежайда адам бұдан да көп болады. Жағдайдың ушыққанын сол кезде көретін едік. 

Шатдаунның әлемдік экономикаға әсері  

АҚШ әлемдік қаржы жүйесінің орталығы. Елдегі саяси жүйе әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды. Мәселен, АҚШ үкіметінің 2 аптадай жұмысының тоқтауы, Еуропалық Одақтың Жалпы Ішкі Өніміне 4 миллиард еуро шығын келтіреді. Экономистер осылай деп топшылайды. Тақауда АҚШ халықаралық даму агенттігін ((USAID)) жапқан соң дүниежүзінің көп елінде гуманитарлық көмек жетпей, дағдарысты жағдай қалыптасты. Бұл АҚШ-тың саяси сахнадағы ықпалына нұқсан келтіріп, халықаралық қатынастарға да кері әсерін тигізеді. 

Алпауыт мемлекеттегі шатдауннан жаһандық сауда жүйесіндегі жағдай да ушығуы мүмкін. Германиядағы өндіруші компаниялар, Жапониядағы электроника жеткізушілері және Бразилиядағы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар АҚШ-тағы саяси ахуалға алаңдап отыр. Себебі, кеден қызметкерлерінің жетіспеушілігі импорттық құжаттаманы өңдеуді бәсеңдетіп, жүктер ірі порттарда тұрып қалады. Соның сладарынан кешігулер көбейіп, бірлестіктер тауар тасымалы бағыттарын өзгертуге және орындалмаған тапсырыстарды жинақтауға мәжбүр болады. Бұл тек АҚШ-та ғана емес, жылдам жеткізілімге сенетін жаһандық серіктестер арасында дау тудыруы мүмкін.