Анкарада Палестинаны қолдау шеруіне 500 мыңнан астам адам қатысты

Түркия астанасында да Палестина халқын қолдау мақсатында бейбіт шеру өтті, деп хабарлайды 24kz.

Жұрт таң алакеуімнен Анкара орталығындағы мешіт алдына жиналып, дұға етті. Содан кейін шаһардың бас көшелерімен дүниежүзі елдерін Газадағы қырғынды тоқтатуға күш салуға шақырып, жүріп өтті.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Мен қазір Анкараның қақ ортасында Палестина халқын қолдауға арналған шеруге қатысушылармен бірге келе жатырмын. Ауқымды іс-шараға 500 мыңнан астам адам жиналған. Олардың қатарында денсаулық, ғылым, мәдениет және білім саласының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары бар. Тіпті балалар мен жасөспірімдер де көшеге шыққан. Көбі қолына Түркия мен Палестинаның туын және бейбітшілікке шақыратын плакаттарды ұстап алған.

Анкарадағы шеруге балаларын жетектеген әйелдерден бастап еңкейген қарияларға дейін шықты. Бәрінің қалауы Газа халқы соғыстан жапа шегіп жатқанда шарасыз отырмай, үн қосу. Әлем елдеріне бейбітшілік пен әділдік үнін жеткізу. Шерушілер осы мақсатпен «Бостандыққа ұмтыламыз!», «Зұлымдыққа қарсымыз!» деген ұранмен шамамен 1,5 шақырым жерді жүріп өтті.

Блиц 1:

- Мен мұғаліммін. Шеруге бала-шағамды ертіп келдім. Біз бейбіт халыққа әрдайым көмек қолын созуға тиіспіз. Сәбилер өлім құшып, әйелдер қан жылап жатқанда қалай үнсіз отыруға болады?! Бауырлас Палестина халқын қолдау біздің міндетіміз. 

Блиц 2:

- Мен мектеп оқушысымын. Осы іс-шараға үн қосу үшін сыныптастарыммен арнайы келдім. Бұл тек бір елдің емес, әлемдік мәселе. Балалардың көз жасы тоқтауы керек.

Блиц 3:

- Біз палестиналықтармен біргеміз. Әрбір жазықсыз адамның өмірі бүкіл адамзат үшін қымбат. Бүгін біз осы шеру арқылы дүниежүзін әділдік пен бейбітшілікке үндеп жатырмыз.

Палестинаны қолдау акциялары тек Анкарада ғана емес, Түркияның 81 провинциясында да өтті. Ал Анкарада шеруге жиналғандар Палестина халқының азаттығы үшін бірлік пен ынтымақтың маңызыдылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева