Нарықта мұнай бағасы мың құбылып тұр
Нарықта мұнай бағасы мың құбылып тұр. Бүгін төмендесе, келесі күні қайта көтерілуі мүмкін. Қара алтынның қымбаттауына OPEC+ саясаты, геосаяси қауіптер әсер етсе, төмендеуіне АҚШ-тағы шатдаун себеп.
АҚШ-тағы шатдаунның мұнай нарығына тікелей болмаса да, жанама әсері бар. Себебі мұнайға деген сұраныс азаяды. Сәйкесінше баға арзандайды.
АҚШ Энергетика министрлігі биыл Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне $68,64 болады деп болжаған еді. Алайда елдегі қазіргі жағдай бұл болжаммен қиыспай тұр. Шатдаунның жалғасып жатқанына аптадан асты. Соның әсерінен доллар бағамы әлсіреді, мұнай бағасы төмендеді. Ал биткоин мен алтынның бағасы шарықтап барады. Шатдаун АҚШ экономикасына осылай салқынын тигізіп тұр. Өйткені үкімет жұмысы тоқтаса, мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төленбейді. Яғни мемлекеттік жобалар да тоқтайды деген сөз. Бұл халықтың тұтыну қабілетін, компаниялардың инвестициясын азайтады.
Нәтижесінде мұнайға сұраныс азаяды. Баға төмендейді. Мәселен, 30 қыркүйекте Brent маркалы мұнай бағасы 68 центке төмендеп, $65,35 АҚШ доллары көлемінде қалды. 2 қазанда 72 центке төмендеп $65,31 болды. Бұл шатдаунның және экономикалық болжамдардың сәтсіз нәтижесі. АҚШ пен кей елдерде текке тұрған мұнай көп. Яғни ұсыныс бар, бірақ сұраныс баяу.
Нарық фундаменталдық көрсеткіштерге, дәлірек айтқанда, сұраныс, ұсыныс, өндіріс көлеміне қарай қозғалатын болады. АҚШ-тағы “shutdown” сол көрсеткіштерге елеулі өзгеріс әкелмесе де нарықта бағаның құбылуына уақытша әсер етеді.
Шатдаун бағаға әсер етті. Алайда «бұл уақытша», - дейді сарапшылар. Өйткені OPEC+ нарықта тепе-теңдікті ұстап қалуға тырысады. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы өндіріс көлемін арттырмау туралы шешімге келген. Бұл нарыққа “артық мұнай болмайды” деген сенім берді. Өйткені ұсыныс артса, баға төмендей бермек. Сарапшылар мұны "бағаның күрт төмендеуін тежеу" стратегиясы деп бағалады. Яғни нарықта сұраныс әлсіресе де, OPEC+ ұсынысты “қысқарта” отырып, бағаны 65-70 доллар деңгейінде сақтауға тырысып жатыр. 8 қазанда Brent бағасы $65,83-ке жетті. Өсім байқалады. Өйткені OPEC+ өндіріс көлемін арттырған жоқ. Әрі Таяу Шығыс, Африкадағы қақтығыстар сынды геосаяси ахуалдар әсерінен баға өсіп отыр.
Жалпы кейінгі 30 күнде Brent маркалы мұнай шамамен 0.3% төмендеді. Бұл нарықтың нақты бағыт алмай тұрғанын көрсетеді. Яғни инвесторлар мен нарық ойыншылары геосаяси, экономикалық және өндірістік өзгерістерге тәуелді. Мұнай бағасы қазір "қысқа мерзімді өсім" кезеңін бастан өткеріп жатыр. Орта және ұзақ мерзімді бағыт әлі анық емес. Баға қысқа мерзімде өссе де нарық ұзақ мерзімде нақты бағыт алмайынша өсуі қиын.
Егер әлемдік экономика баяулап, OPEC+ елдері өндірісті қысқартудан бас тартса, Brent маркалы мұнай бағасы 2026 жылдың соңында барреліне 40 АҚШ долларына дейін төмендеуі мүмкін. Алайда бұл ең нашар сценарий. Базалық болжам бойынша, 2025 жылдың аяғында баға 58 доллар, ал 2026 жылдың аяғында 55 доллар болуы мүмкін.