Тау мен тарих тоғысқан Тәжікстан

Тәжікстанның өзі қандай ел дегенге келер болсақ, тарихы терең, табиғаты көркем, бүгінде туристер қызыға ағылатын мемлекеттердің бірі. Биік таулары, ежелгі қалалары мен ұлттық дәстүрі шетелдік қонақтарды баурап тұрады. Туризмнің дамуы ел экономикасы-на тың серпін беріп отыр. Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы мәдени әрі рухани байланыс та жыл өткен сайын нығайып келеді.  

Тәжікстан – Орталық Азиядағы таулы, тарих пен мәдениетке бай ел. Ел аумағының 90 пайызын биік таулар алып жатыр. Солардың ішіндегі ең әйгілісі – Памир. Биіктігі жеті мың метрден асатын бұл асқар шың «Дүниенің төбесі» аталады. Көкпен таласқан тауларды көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ағылатын жұрт көп. Экстремалды туризмді ұнататындар үшін Памир экспедициялары мен альпинистік бағыттар бар. Ал мәдениетке қызығатындарға арналған ұлттық фестивальдер мен тарихи орындарға экскурсиялар шетелдік саяхатшылар арасында жоғары сұранысқа ие. 

Марио Гарсия, Дүниежүзілік туризм ұйымы сарапшысы:

- Тәжікстан экотуризм мен мәдени туризмді дамытуда аймақтық деңгейде айқын бағыт ұстанды. Туристер бұл елдің табиғи ресурстарына, дәстүрлі өмір салтына ерекше қызығушылық танытады. Туризмнің дамуы әсіресе ауылдық аймақтарда жаңа экономикалық мүмкіндіктер туғызып отыр. Бұл жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді.

Тәжікстанның басты байлығы – оның мыңжылдық тарихы мен бай мәдениеті. Елде көне қалалар мен сәулет өнерінің ескерткіштері көп сақталған. Экономиканың негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Сонымен қатар елде су энергетикасы дамып келеді. Тәжікстанда әлемдегі ең ірі су электр станцияларының бірі жұмыс істеп тұр. Тәжік пен қазақ халқының тарихи және мәдени байланысы өте терең. Халықтар арасындағы рухани үндестік пен бауырластық екі ел арасындағы қатынасты одан әрі нығайта түседі.

Яхия қажы Исмаилов, дін қайраткері:

- Әсіресе тәжік халқы мен қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, көбі 90 пайызы бірдей келеді. Халықтың достығы, халықтың қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, қонақжайлығы, тілінің өзі философия жағынан 70 пайыз тіл келеді екен.

Қос ел басшылары арасындағы тығыз қарым-қатынас та – осы бауырластықтың айғағы. Яхия қажы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға кейінгі сапарында тәжік халқы зор ықыласпен қарсы алғанын еске алды. Бұл – елдің достық ниетінің айқын көрінісі дейді ол.

Яхия қажы Исмаилов, дін қайраткері:

- Өткен сапарда біздің президентті Эмомали Рахмон қандай үлкен дәрежемен қарсы алып, шығарып салды. Оған барлық халық куә еді. Оны бүкіл жұрт, қарапайым халық та айтты. Қарсы алып, шығарып салғанына өте риза болдық. Сондықтан бұл елбасылар осындай бір қарым-қатынасымен бүкіл екі ел, үш ел, төрт ел, бүкіл әсіресе Орта Азияның басын біріктіреді.

Тарихы мен табиғаты үндескен Тәжікстан – қазіргі таңда тек туристік орталық емес, бауырлас елдермен байланысы бекем мемлекет. Қазақ пен тәжік халықтарының арасындағы достық, өзара құрмет пен ортақ мәдениет бұл байланыстарды алда тереңдете түседі.

Авторы: Нұрбике Жігер