Әлемде құс тұмауы өршіп барады
Қара суық келіп, құс қайтты. Әлемде құс тұмауының жаңа ошақтары пайда болды. Мамандар мұны жабайы құстардың маусымдық көшуімен байланыстырады. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының дерегі бойынша кейінгі айларда үй құстары арасында 59, ал жабайы құстар мен сүтқоректілер арасында 44 індет ошағы тіркелген. Вирус адамға да жұғуы мүмкін. Мәселен, 2003 жылдан бері 860-тан астам осындай жағдай тіркелген. Соның ішінде 450-ден астамы қайтыс болды.
Жалпы аурудың негізгі белгілері ретінде бас ауруы, дене қызуы, қалтырау, бұлшықет ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы байқалады. Ал уақыт өте науқаста өкпе-жүрек жеткіліксіздігі, өкпе қабынуы мен мидың ісінуі пайда болуы мүмкін.
Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл-шаруашылық орталығы кейінгі айларда Еуропаның бірнеше елінде: Франция, Польша және Венгрияда, сондай-ақ Азияда: Қытай, Вьетнам және Жапонияда құс тұмауы таралғанын хабарлайды. Ұйым осы себепті әлем елдерін эпидемиялық бақылау мен биологиялық қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырып отыр.
Дереккөз: БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы