Республика күнін сыртта жүрген қандастарымыз да атап өтіп жатыр
Бүгінде көрші Өзбекстанда 1 млн-нан аса қазақ бар. Қаракөздер ұлттық мейрамды ұлықтап, өздерінің тілектерін жолдады.
Университетте қазақ тілі мен әдебиеті бағытында білім алып жүрген Зарина Қонысбаева Өзбекстандағы ауқымды жыр сайысына қатысып, үшінші орын алыпты. Талантты жас осынау кішігірім жеңісінің Қазақстандағы ұлттық мереке Республика күнімен тұспа тұс келгеніне дән риза.
Зарина Қонысбаева, Ташкент қаласының тұрғыны:
- 25 қазан Қазақстанда Республика күні мерекесі. Бүкіл Қазақстан халқын осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Беделі асқақтай берсін, жасай берсін. Осынау жеңісімді Қазақстаныма арнаймын.
Орталық Азия аумағында қазақтар мен өзбектер ғасырлар бойы тату көршілікті сақтап, мәдени- рухани қарым-қатынасты үзбеген. Өзбекстандағы қазақтар салт- дәстүрге берік, тілі мен дінін көздің қарашығындай сақтап келеді. Қазақстанның әрбір жетістігіне қуанамыз, уақыт өткен сайын өсіп өркендеп жатқанына қарап кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді, - дейді сырттағы қандастар.
Серікбай Үсенов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық-мәдени орталығының директоры:
- Өзбекстанда жасап жатқан миллионнан астам қазақтың атынан шын көңілден құттықтаймыз. Біз қанымыз қазақ болған соң атамекендегі әрбір оң өзгеріске ықыласпен қарап елдің өркендеп, өсіп жатқанын естіп қуанып отырамыз. Бұл мейрам барлығымызға қуаныш алып келсін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын.
25 қазан - Қазақстанның мемлекеттік тарихын айшықтайтын кезеңнің бірі. Бұл күн-ел егемендігінің іргетасы қаланған, тәуелсіздікке жол ашқан маңызды бір белес.»Сондықтан атамекеніміз қазақ елі үшін ұлық мереке саналатын бұл дата, біз үшін де қуанышты күн», - дейді өзбек еліндегі қандастарымыз.