Сеулде еліміздің Республика күнін атап өтті
Шапан киген робот, кәріс әншілерінің орындауындағы қазақ әндері және асық пен тоғызқұмалақ ұлттық ойындары. Осының бәрі Сеулде еліміздің Республика күніне арналған қабылдауда көрсетілді. Кеште Кореяның Сауда, индустрия және ресурстар министріне II дәрежелі «Достық» ордені табысталды.
Сеулдегі Республика күніне арналған қабылдауға дипломаттар, Корея үкіметі мен парламентінің мүшелері, бизнесмендер мен музыканттар жиналып, елімізді мерекемен құттықтады. Осы күнге республикамыздың мемлекеттік Әнұранын арнайы үйреніп келген Сеул киберуниверситетінің профессоры Чо Тэ Джин оны жұрт алдында орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Елшіміз Асет Исенали Сауда, индустрия және ресурстар министрі Ким Джон Гванға II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Ким мырза – Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы әрі бұл оны Қазақстанмен байланыстыратын жалғыз жайт емес.
Ким Джон Гван, Корея Республикасының Сауда, индустрия және ресурстар министрі:
- Министр лауазымына кіріскенге дейін мен жеке секторда жұмыс істеп, Түркістан электр станциясының құрылысына қатыстым. Елдеріміз энергетика және маңызды минералдар саласында өзара тиімді серіктес болады деп үміттенемін. Құрылып жатқан сирек металдар технологиялары саласындағы ынтымақтастық орталығы Қазақстанның ресурстары мен Кореяның озық технологияларын біріктіретін хабқа айналып, өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілігімізді арттырады деп сенемін.
Асет Исенали, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшісі:
- Қазақстан халқына Жолдауында Президент Үкімет шетелдік инвесторларға қолдауды арттыру үшін бар күш-жігерді салу керектігін атап өтті. Сонымен қазір кәріс бизнесі үшін Қазақстан нарығына шығудың ең қолайлы уақыты. Біз жасанды интеллект, робототехника, ғылым және ғарыш технологиялары сияқты салаларда ынтымақтастық шеңберін кеңейтіп жатырмыз. Денсаулық сақтау саласы – тағы бір келешегі зор бағыт. Қазір біз Алматыда заманауи Хюндай ауруханасын салу жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – Қазақстанға кәріс медициналық технологиялары мен жоғары сапалы денсаулық сақтау қызметтерін жеткізу.
Қабылдауда қонақтардың көңілін қазақтың ұлттық киімін киген робот көтерді. Тілек білдіргендердің барлығына Корея стратегиялық ойындар федерациясының мүшелері асық пен тоғызқұмалақ ойындарын үйретті.
Юн Сон Джон, Сеул қаласындағы Донмён қыздар жоғары мектебінің математика мұғалімі:
- Мен үйірмеде тоғызқұмалақтан сабақ беремін. Қазір мұнда 25-ке жуық оқушы айналысады. Бұл олар үшін бейтаныс мәдениет, бірақ тоғызқұмалақ математикамен тығыз байланысты болғандықтан оқушылармен тіл табысуға және стратегиялық ойлау қабілетін арттыратын өте керемет ойын. Сондықтан балаларға өте қызықты.
Кеш қонақтары арасында авиабилеттер ұтысы өтті. Сеулден Астанаға тегін ұшып бару мүмкіндігіне Кореяның консалтингтік компаниясының басшысы У Рон Чан ие болды.
Айта кетейік, елдеріміз арасында әуе қатынасы жақсы жолға қойылған. Былтыр Қазақстанға 50 мыңнан астам Корея азаматы сапарлады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян