Жасанды интеллект мал бағады

Малдың пайдасы көп: еті, сүті бар, тіпті мініске де жарайды.

Тек көпшілік бейнетінен қашады. Дегенмен, адамнан айла артылған ба? Жасанды интеллект, жаңа технология мал иесінің де, бақташының да қолын ұзартты. 

Мал қайтару, шөп шабу, қора тазалаудан қашатын жалғыз қазақ қана емес. Әлем жаңа технологияның қадірін біліп, қолдан келгенін жүйелі түрде шаруашылыққа енгізіп жатыр. Алды малға GPS құрылғысын орнатқан. Жылқы, сиыр болсын қайда жайылып жүргенін үйде жатып біледі. Тіпті бұл технология фермерлерге малдың күйін, мінез-құлқындағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде көрсетіп отырады.

Джордж Новарро, GPS құрылғысын орнатушы компанияның бас маманы:

«Біз жануарларға қатысты барлық ақпаратты өңдеумен айналысамыз. Малдың төлдеу кезінен бастап, күнделікті жай-күйіне дейін бақылауға болады.Әлемдегі көптеген құрылғылар дәл ақпарат бере алмайды. Ал біздің қосымша нақты әрі қолайлы». 

Жануарларды сәйкестендіру нарығындағы айналым былтыр 4,94 миллиард доллар болған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 8,55 миллиард долларға жетуге тиіс. Жылдық өсім қарқыны – 9,6 пайыз. Цифрландыру ісін жүйелі жүргізіп отырған елдердің бірі Ұлыбритания. 2027 жылдан бастап мұнда барлық бұзауға электронды сәйкестендіру таңбасы тағылады. Бұл малдың бағытын бақылаумен қатар, аурудың таралмауына сеп дейді ауыл шаруашылық мамандары. Электронды жүйе жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді. Деректер автоматты түрде бірыңғай ұлттық базаға енгізіледі. Бұл Фермерлер үшін де тиімді. 

ЦИТАТА: Кристин Миддлмис, Ұлыбританияның бас мал дәрігері, профессор:

Жануарлардың мінез-құлқы мен денсаулығы туралы болжамдар жасанды интеллектінің көмегімен жасалады. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашады.

Оңтүстік Америка да малға бай. Бразилияның Пара штатында әлемдегі ең ірі ет өндірушілердің бірі фермерлерге үш миллион электронды чипті тегін таратты. Осының арқасында аймақтың барлық ірі қара малы келер жылға дейін толық цифрлы есепке алынады. Сарапшылар бұл шешімді елдің ет экспортының халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам деп бағалады. Ал Швеция мен Дания мал жаюға арналған виртуалды қоршауларды заңдастырады. Жайылымдағы түлік алыстап кетсе, құрылғы дыбыстық белгі береді. Белгіден кейін кері шегінбесе, жеңіл тоқ жібереді. Бұған дейін Швеция бұл әдістің жануар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін айтып, тыйым салған еді. Алайда билік 2026 жылдан бастап ірі қара мен қой үшін қолдануға рұқсат берді. Осылайша жаңа технология мал шаруашылығында да кеңінен қолданысқа еніп келеді. Мұның ең пайдасы урбанизация қарқыны бәсеңдеп, адам баласының ауылға деген қызығушылығы арта түсе ме деген үміт те бар. 

Нұрбике Жігер, Руслан Алиев